Қызылорда-Құмкөл тасжолы: Бес адам қаза тауып, бір жолаушы жансақтау бөлімінде жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда-Құмкөл тасжолы: Бес адам қаза тауып, бір жолаушы жансақтау бөлімінде жатыр

14.01.2021

«Қызылорда-Құмкөл» тасжолында жантүршігерлік жол апаты 5 адамның өмірін қиды. Оқыс жағдай кеше түс ауа болған. Қақтығыстан түрлі дене жарақатын алған 6 жолаушының 5-еуі ауруханада жатыр..   

Жол апаты кен орнына қатынайтын жолдың 70-ші шақырымында болған. Микроавтобус пен жеңіл автокөлік жүйткіген жылдамдықпен келіп, бетпе-бет соқтығысқан. Оқиға орнына ең бірінші жедел құтқару жасағының мамандары жеткен. Жапырылған көлікте қысылып қалған адамдарды шығару үшін құтқарушылар темір кесетін құрылғыларды пайдаланған.  

Бахыт Ембергенов, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының басшысы:  
-Қатты соқтығыстан ол адам өз орнында емес артқа қарай жылжып кеткен өзінің орындығымен және мотордың алдыңғы бөлігі ішке қарай кіріп кеткен. 

Қақтығыстан үш адам тілге келместен қайтыс болса, екеуі емдеу мекемесіне жетпей көз жұмды. Ал 6 жолаушы қалалық ауруханаға жеткізілген. Алғашқы медициналық көмектен кейін бір адам үйіне қайтарылса, 5-еуінің дене жарақаты ауыр дейді дәрігерлер.

Бауыржан Төлеген, қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:  
-Бір науқаста көптеген қабырғаларының сынуы, екі науқаста жамбас сан сүйектерінің сынуы. Бір науқаста бас миының шайқалуы диагнозымен қазіргі таңда ем алуда. Реанимация бөліміндегі науқастың жағдайы ауыр. Қатаң бақылауда. 
Әділбек Серікұлы, тілші:   
-Соқтығысқан екі көлікте «Айдан-Мұнай» компаниясы мен «Бастау» серіктестігінің жұмысшылары болған. Бүгінде полиция бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Сондай-ақ, еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де Сыр өңіріндегі қайғылы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрып, жол апатының мән-жайын тексеретінін хабарлады.    

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу