Қызылордада автобус аударылып, 8 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада автобус аударылып, 8 адам қаза тапты

03.12.2019

Бүгін таң сәріде болған Қызылорда облысындағы жантүршігерлік апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Естеріңізге сала кетейік, Құмкөл кенішінен шыққан автобус аударылып, 8 адам мерт болды. 21 жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Алтауы жансақтау бөлімінде.

Жол апатынан зардап шеккендердің көбі облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Мұнда түскен 18 адамның ішінде алтауының өмірі қыл үстінде тұр. Дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан науқастарға сағат сайын ота жасап, олардың өмірі үшін күресуде.

Ал 8 адамның өмірін қиған жол көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, апаттың себеп салдарын нақты анықтау үшін қосымша сараптама тағайындалды.

Жалпы Сыр өңірінде соңғы бір аптада болған бұл үшінші жол көлік апаты. Бірер күн бұрын Тәжікстан азаматтары мінген автобус Арал ауданында соқтығысып, нәтижесінде 5 адам ауыр дене жарақатын алған болатын. Мамандар облыста қолайсыз ауа-райының қалыптасуына байланысты, алыс сапарға шығатын азаматтарға жолда барынша сақ болуды тағы да бір ескертеді.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу