Қоңыржай, субтропикалық және тропикалық. Шымкенттік мектеп оқушылары жер шарының осы үш белдеуінде өсетін жеміс-жидекті, гүл мен ағаштарды жерсіндіріп, жетілідіруде. Жаратылыстану зертханасы ретінде салынған жылыжай ішінде қазір осындай 800-ге жуық өсімдік түрі жайқалып тұр.
Алтыншы сыныпта оқитын Дидар былтырдан бері гидропоника әдісімен гүлдің бірнеше түрін өсіруде. Өсімдік отырғызылған ыдыстар пластмасса құбырдың ішіне орналастырылған. Гүлдер құбыр ішіндегі судан нәр алады әрі бойына жылу тарайды. Су температурасын бақылап отыру үшін Дидар өзі робот құрастырып алды.
Дидар Қабылбай, оқушы:-Егер біздің роботомыздың бетінен смайлик шығып тұрса су жақсы температурада екенін білдіреді. Ел егерде үшбұрыш шығатын болса судың күрт түсіп кеткені.
Пирамида пішіндес жылыжай іші үш аймаққа бөлінген. Мейілінше жылы атмосфера қалыптастырған тропикалық белдеуде цитрусты жемістер, пальма, лавр ағашы, ананас және кивидің көшеттері жайқалып тұр.
Жылайда тропикалық табиғатқа бейімделген бананның екі түбі жайқалып өсіп келеді. Осыдан екі жыл бұрын егілген көшеттер жергілікті климатқа жылдам жерсінген. Бойы жылына 1 метрден астам өсетін ағаштар сәтін салса, келер жылы жем бермек.
Ал Дариғаның екі жылдан бері өсіріп жатқан апельсині биыл жеміс берді. Ізденімпаз өрен жетекшісінің бағыт-бағдарымен цитрус ағашын өсірудің қыр-сырын әбден меңгеріп алды.
Дариға Жақсыбаева, оқушы:- Топырағын қопсытып тұру керек. Кейін артық жапырағын қырқып тұрамыз. Және жапырақтарына қажетті мөлшерде су беру керек. Одан артық берсек, температураға қарсы болады.
Ал субтропикалық белдеудің іші 4 пен 20 градус аралығында жылы. Мұнда анар, құрма, інжір, бадам ағаштары бүршік жарып келеді. Сондай-ақ жәшікке егілген картоп топырақта емес, тамыры жалаң күйде сумен өсіп-өнуде. Мектеп оқушылары зертхананың ішінде 100-ге жуық ғылыми жұмыс жасап жатыр. Оның ішінен үздік деп танылған 4 жоба республикалық байқауға жолдама алды.
Ғани Қалмаханов