2020 жылы отандық машина жасау өндірісі 16 пайызға артқан

08.01.2021

Пандемияға қарамастан былтыр отандық машина жасау өндірісі 16 пайызға артқан. Осылайша Қазақстандық зауыттардың табысы да жылдағымен салыстырғанда жоғары болды. Саланың алдағы жоспары қандай? Тілшіміз тарқатады.

Өткен жыл барлық өндіріске ауыр тисе де, машина жасау саласында жоспар орындалған. Тіпті, жеңіл көлік шығару 50 пайызға артып, жалпы 75 мыңнан астам көлік құрастырылды. Өйткені, соңғы уақытта отандық көліктерге сұраныс басым. Мәселен, былтыр елде сатылған автомобильдердің 60 пайызы отандық зауыттарда жасалған.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Машина жасау салалары арасында жоғары нәтижені көлік құрастыру бағыты көрсетіп отыр. Өндіріс көлемі 24,5 есе өсіп, инвестициялардың жыл сайынғы ағыны 14,4 есеге артты. Бұл ретте ел ішінде сатылған әрбір екінші жаңа жеңіл көлік отандық өнім болып табылады.

Нарықтың сұранысын өтеу үшін былтыр Алматыда жылына 30 мың жеңіл көлік шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Ал, Қарағандыда автобус, электробус және арнайы техника құрастыратын кәсіпорын ашылды. Нәтижесінде, автобус жасау көрсеткіші екі есе өскен. 2019 жылы 1057 автобус шығарылса, былтырғы өнім 2100-ден асады.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:
Қазір біздің кәсіпорындар Ресей, Қытай, Әзірбайжан, Тәжікстан, БАӘ, Түрікменстан және басқа да елдерге экспорттайды өнімдерін. Дағдарысқа қарамастан отандық машина жасаушылар өндірісі тоқтаған жоқ.

Саладағы өндіріс көлемі 10 жылда 4 есе өсіп, инвестиция 2 жарым есеге ұлғайған. Экспорт көлемі 3 есе артты. Яғни, қазір машина жасау өңдеуші өнеркәсіптің негізгі драйвері десек болады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Осыған байланысты қазіргі экономикалық жағдайды назарға ала отырып, мынадай бағыттарға аса назар аудару керек. бірінші, біз үшін жергілікті қамтуды арттыру маңызды болып табылады. Бүгінгі күні сала секторларын локализациялау деңгейі 35 пайыздан бастап 95 пайызға дейін құрайды. Бұл көрсеткіштерді арттыруымыз керек.

Осы мақсатта 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы да бекітілді. Қазір машина жасау бойынша елде 3 мыңдай кәсіпорын бар. Онда 120 мыңнан астам адам еңбек етеді. Яғни, көлік құрастыру халықты жұмыспен қамту бойынша да тиімді болып тұр.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу