Саяси партиялар үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяси партиялар үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады

08.01.2021

Партиялардың үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына санаулы сағат қалды. Бес саяси ұйым бүгін бір жарым айға жуық атқарған шаруаларын қорытындылап жатыр. Өңірлерді аралап шыққанда сан сауал тыңдап, өзекті мәселелерге қанықты. Енді соның шешу жолдарын қарастырады.

ҚХП үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады

Қазақстан халық партиясы үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады. «URANkz» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Қызыл автобус» акциясы да өз мәресіне жетті. Халықпен және еңбек ұжымдарымен 500-ге тарта кездесу өтті. Партия мүшелері 150-ден астам елді мекенге барды. Бұл жұмыстарға 700-ден астам адам жұмылдырылды.

Олжас Сыздықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:
Жалпы сайлауалды науқан барысында 1 млн-ға жуық агитациялық материал шығардық. 100-ден астам бейнеролик түсірдік. Партиямыздың белсенділері тікелей эфирдегі дебаттарға да жиі қатысып отырды.
Айбек Паяев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:
Ең басты мәселе - халықта бүгін ауыз су жоқ. XXI ғасырда 2021 жылы біздің халқымыз ауыз су іше алмай отыр. Ол бірінші мәселе. Екінші мәселе - жол мәселесі бар. Мектеп мәселелері бар. Мысалы, біз айтамыз интернет Қазақстанда 100 пайыз деп. Ауылдық мекендерде интернет жоқ. Олар пандемия кезінде қалай мектепте оқиды?!

Сонымен қатар, бүгін саяси бірлестік өкілдері сайлауалды үгіт-насихат науқанының аяқталуына орай көкке көгершіндерді ұшырды.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:
Өңір-өңірлерді аралаған шақта біз халықтан көп ұсыныстар алдық. Ойларын белгіледік. Міне, соны біз қазір өзіміздің алдағы іске асыратын бағдарламамызды жақсарту үшін іске қосып, оның тетіктерін айқындайтын боламыз.

Айта кеткен жөн, Парламент Мәжілісінің және әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына Қазақстан халық партиясы атынан 300-ден астам кандидат үмітті. 

Қарағандыда 150 мың жұмыс орны ашылады

«Nur Otan» партиясы Қарағанды облысындағы ірі өндіріс орындарын аралады. Облыста 150 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 2,5 мың шақырым автожол салу және 176 ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Бұлар 5 жылда іске асуы тиіс. 

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Өздеріңіз білетіндей, бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін жаңа Экологиялық кодекске қол қойды. Экологияны жақсарту мақсатында «Nur Otan» партиясы өңірде 9 қоқыс сұрыптайтын кешен салуды және зиянды шығарындыларды кемінде 13%-ке азайта отырып, өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғыртуды қамтамасыз етуді міндет етіп қойып отыр.

«Nur Otan» партиясы 17 өңірді аралап шықты

Сонымен «Nur Otan» 17 өңірді аралап, үгітт-насихат жұмыстарын аяқтады. Сан-сала мамандарымен кездесіп, тұрғындардың өзекті мәселелерін талқылады. Партия көздеген мақсатының орындалуына қандай кепілдік беретінін түсіндірді. 7 млн сайлаушыны қамтып, 28 мыңнан аса іс-шара өтті. Уақыттың 80%-ы азаматтардың сауалына жауап беруге арналғанын айтады. Кандидаттар мен сенімді өкілдер 9 жарым мың қабылдау өткізді. «Есіктен есікке» акциясы аясында «жасотандықтар» 1,4 млн. үй мен пәтерлерді аралап, 6,2 млн үгіт материалдарын таратқан. Алдағы 5 жылда елордада мұқтаждарға 50 мың пәтер беру, 10 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Тағы 50 жаңа мектеп салу мен 20 мың үйді газдандыру қолға алынады.

«Ауыл» партиясы сайлауалды жұмыстарын қорытындылады

«Ауыл» партиясы сайлауалды жұмыстарын қорытындылады. Партия мүшелері Алматы облысындағы ауылшаруашылық кешенінде бас қосты. Кездесуде үгіт-насихат тобы шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысып, партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олардың пікірінше, ауылдық жерлердегі ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар бөлінуі қажет. 

Ақшабай Керімбеков, «Ауыл» ХДПП мүшесі:
Саяси науқанның маңыздылығы қазір халқымыздың бәріне аян деп есептеймін. Өйткені келешегімізді ыңғайлап жатырмыз. Артымызда келе жатқан ұрпақтың тағдыры. Бала-шағамыздың тағдыры деген сияқты. 
Қанат Бекеев, «Ауыл» ХДПП Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы:
Бүкіл Қазақстан бойынша үгіт-насихат жұмыстары жақсы ұйымдастырылды деп ойлаймыз. Негізі Алматы облысында 21 штаб құрылып, жұмыстың нәтижесін, соңғы жиынды осы ауылда өткізіп отырмыз. 

Ақжолдықтар автошеру ұйымдастырды

«Ақ жол» партиясының өкілдері бүгін түгелдей ақ түсті темір тұлпарды тізгіндеп, жолға шықты. Автошеру еліміздің барлық өңірінде өтті. Саяси ұйым белсенділері дауыс ұлғайтқыштар арқылы ұрандатып, сайлауалды бағдарламаны таныстырды. Елордада бүгін сынап бағанасы -30 градустан төмендеп, аяз күшейе түсті. Соған қарамастан «Ақ жол» өкілдері түгел жиналды. 

Серік Түсіпов, қалалық мәслихат депутаттығына үміткер:
Біз күнде таңнан кешке дейін дайындалып, халықпен әңгімелесіп жүрдік. Енді соның нүктесін біз қояйын деп жатырмыз. Кешке дейін мүмкіндік бар жүруге, өзімізді көрсетуге.

Автошеру елордадағы Тәуелсіздік, Республика, Мәңгілік ел сияқты көшелер арқылы өтті және дәл осы даңғылдардың таңдалуы бекер емес. Ал, еліміз бойынша іс-шараға 300-ден аса көлік қатысып, олар жалпы ұзындығы 700 шақырымды жүріп өткен.

Мешіт Ғазизұлы, «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:  
Бұл үгіт-насихат жұмыстарының сайлау алдындағы негізі қорытынды іс-шарасы болса, екінші жағынан рухты көтеру. Бүған дейін біз естеріңізде бола кәдімгі қазақтың жылғысымен де өткіздік. Аттың үстінде жалау алып жүру патриоттық шарасын. 

«Adal» партиясы 12 сағаттық тікелей эфир ұйымдастырды 

Үгіт-насихат кезеңінің соңғы күні «Adal» партиясы 12 сағаттық тікелей эфир өткізді. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша түскі 12:00-де басталған онлайн кездесу тыныштық күніне тура 1 минут қалғанда, яғни түнгі сағат 23:59-да аяқталады. Шарада инфрақұрылым, баспана, жұмыссыздық және әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақ-жауап болды.   

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер
Бүгін түнгі сағат 23:00 мен 00:00 аралыңында өзімнің үгіт-насихатымның нүктесін қоямын. Барлық әлеуметтік желіде бармыз. Әлеуметтік желідегі оқырмандар санымен қамтитын болсақ, шамамен 2 миллионға жуық. Баспана мәселесі, баспана жыры, қаржылық сауаттылық мәселесін қозғап өтем. 

Тағы шағын-орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, экологияны жақсарту бастамалар да сөз болды.  

Алмасбек Садырбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:
Ең бастысы ауылда керегі – қазақтың қорасын малға қалай толтырамыз. Екіншісі – несиелеуге байланысты. Ауыл тұрғындарының кәсібін несиелеу. Екінші бір керек дүние бұл жер мәселесі. Үшінші мәселе мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын, ауыл шаруашылығы шаруашылықтарын қолдау, субсидия мәселесі. 

Жалпы үгіт-насихат кезеңі басталғалы бері Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлер 4918 кездесу өткізген. 22 қала мен 163 елдімекен қамтылған. Олардағы жиынға ұзын саны 140 мыңға жуық адам қатысты. 

Нысаналы Ығыл

ауыл партиясы ақ жол партиясы сайлау сайлау2021

Хабарламаларға жазылу