Балалар арасында вирус жұқтырғандар саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар арасында вирус жұқтырғандар саны артқан

28.12.2020

Қазақстан Pfizer компаниясының вакциналарын сатып алуы мүмкін. Қазір осы жөнінде келісім жасалып жатыр. Бірақ жеткізу мәселесінде бірқатар қиындықтар бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Сондай-ақ министрлік өкілдері мереке қарсаңында туған-туыстарды қашықтан құттықтауға кеңес берді.  

Pfizer - америкалық екпе. Оның зерттеу сынамалары сәтті аяқталған. Қазір көптеген елдерден оған сұраныс артты. Қазақстан да қамданып көрмек. Бірақ оны елге жеткізу оңай емес, минус 70 градуста сақталуы тиіс. Оның үстіне ресейлік вакцинадан қарағанда екі есе қымбат. Дегенмен, бұл мәселелерді реттеуге дайынбыз дейді министрлік. Нақты шешім аталмыш компанияның өндірістік қуаты мен мүмкіндігіне байланысты болмақ.

 Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасы орынбасарының м.а: 
-Жуырда ғана біз Pfizer өндіруші компаниямен келіссөз жүргіздік. Елге жеткізу мәселесін де қарастырып жатырмыз. 30-ына таман тағы келісім туралы сөйлесіп, елге жеткізуді жеделдетуге қатысты ұсыныстар жасап көрмекпіз.  

Соңғы үш айда балалар арасында ковид жұқтырғандар артқан. Жыл басынан бері 3658 баладан вирус анықталды. Оның 994-і кезекші сыныпта 2664-і қашықтан оқыған. Ал Ұлыбританияда мутацияға ұшыраған вирус бізге әлі жеткен жоқ.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Бас санитар дәрігері:
-Ұлыбританияда мутацияға ұшыраған коронавирустың жаңа түрі біздің елде тіркелген жоқ. Біз бұл ауруға қатысты зерттеулерді жүргізудеміз. Әлі де жалғасады. Жалпы, вирустың мутацияға ұшырауы заңдылық. Коронавирус әлбетте.  

Әуе қатынасы арқылы соңғы үш айда 155000 жолаушы келсе соның 75-і ковид, ал автокөлік арқылы келген 440000 жолаушының 166-сынан коронавирус анықталған. Шеттен келгендерге қойылатын шектеу шаралары өзгермейді. Жалпы, вирустан айыққандардың көрсеткіші 87 пайыздан асты. Дегенмен, пандемия әлі біткен жоқ, сол себепті қауіпсіздік ережелерін сақтау шарт.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу