Түркияда коронавирусқа байланысты көшеде темекі шегуге тыйым салынды

13.11.2020

Түркияда көшеде темекі шегуге тыйым салынды. Елдің ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, шылым шеккен адам маскасын шешіп қоюға мәжбүр болғандықтан, вирустың тез таралуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан адам көп жиналатын саябақтар, аялдамалар мен алаңдарда темекі шеккен адамдарға айыппұл салынбақ. Бүгіннен бастап полиция жасақтары бұл қарардың орындалуын қадағалау үшін көшеде рейд жүргізе бастады. Маскасыз, көшеде темекі шегіп тұрған адамға алғашқыда 50 мың теңге көлемінде айыппұл салынады, ал бұл жағдай қайталанса қылмыстық іс қозғалады.

Түркияның мұндай қатаң шараға баруына елде кейінгі күндері коронавирус жұқтырғандар санының күрт артуы себеп болып отыр. Кеше бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны 2841 адамға жетіп, 88 адам науқастан көз жұмған.

Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі:
Ауыр науқастар саны артып барады. Оны түсіру үшін көшеге шығуды азайтып, гигиеналық шарттарды сақтауымыз қажет. Пандемияның екінші шарықтау кезеңі келді. Дегенмен вирустың таралуын бақылаудан шығарған жоқпыз. Маска тағу, тазалық пен әлеуметтік арақашықтықты сақтау коронавируспен күресудің ең тиімді тәсілдері болып тұр. Осыны ұмытпайық.

Бұдан бөлек Түркия астанасы Анкара мен бірнеше ірі қалада 65 жастан асқан азаматтардың көшеге шығуына да шектеу қойылды. Бұдан былай егде адамдар тек таңертеңгі сағат 10:00 мен 16:00 арасында ғана сыртқа шыға алады. Сондай-ақ, вирус жұқтырғандар саны күрт артқан бірнеше ауыл мен аудан карантинге жабылды.

Айдос Әшімұлы

Түркия коронавирус

Хабарламаларға жазылу