Оңтүстік аймақтардан солтүстікке қоныс аударушылардың мәселелері толық шешілмей отыр. Атап айтқанда, оларды баспанамен қамту және кәсіпкерлікке тарту барысындағы қолдаудың тетіктері жеткілікіз. Сенаттың жалпы отырысында ішкі көш-қон проблемасын көтерген депутат Айгүл Қапбарова Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ол халықты көшірудің арнайы мемлекеттік немесе өңірлік бағдарламасын әзірлеуді ұсынып отыр. Әсіресе, жас отбасыларға ерекше қолдау қажет дейді.
Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:Қоныс аударушыларға бюрократиялық кедергісіз жер учаскелерін беру, қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін жеңілдетілген несие беру. «Бір терезе» қағидаты бойынша қоныс аударушылар туралы деректердің бірыңғай автоматтандырылған ақпарат жүйесін енгізу қажет.
Сенатордың айтуынша, соңғы 3 жылда Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстіктен 5 мыңнан астам адам қоныс аударған. Есесіне шамамен 10 мыңдай тұрғын көшіп кеткен. Мектептер жабылып, ғимараттары аукцион арқылы саудаға қойылып жатыр. Шетелге тұрақты тұруға кетіп жатқандардың жартысына жуығы жастар. «Бұл – алаңдатарлық жағдай», - дейді депутат.
Дарын Сағитов