Отандық вакцинаны сынақтан өткізудің үшінші кезеңі қаңтарда басталады. Ол кезде мамандар 3 мыңға жуық еріктіге коронавирусқа қарсы екпе салуды көздеп отыр.
Егер барлығы сәтті өтсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-ға қарсы қазақстандық препаратты тіркеуден өткізуі тиіс. Кейін вакцина шығарылып, тұрғындарға жаппай егіле бастайды. Ал қазір оған ерте. Вакцина түрлі жастағы 200-ден астам еріктіге салынып, сынақтың екінші кезеңі жүріп жатыр. Оны әзірлеген Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтындағылар вакцинаның тиімділігі жоғары дейді.
Ерғали Әбдірайымов, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары:-Өзіміздің халқымыз үшін біз сапасыз вакцинаны шығармаймыз. Оны толығымен біз кепілдеме бере аламыз. Сапасына, қауіпсіздігіне және тиімділігіне бере аламыз. Неге десеңіз жаңа айтқандай біздің институтымыз ол технологияны толығымен игерілген. Бірнеше вакциналарымыз бар.
Десе де сынақтың аяқталғанын күтуге тура келеді. Өйткені талап солай. Ал оған дейін вакцина шығаратын зауыт құрылысы жүріп жатыр. Ол Жамбыл облысындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының жанынан бой көтереді. Жылына 60 млн доза вакцина шығару жоспарланған. Осы арқылы ішкі нарықты қамтып ғана қоймай, екпені экспортқа шығару көзделген. Бұдан бөлек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ресейлік вакцинаны өндіретін тағы бір зауыт салынатынын айтқан еді. Қазір бұл жобаға инвестор іздестіріліп жатыр.
Досжан Маратұлы