Шығыс Қазақстанда шекаралық аудандарды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл үшін биыл жыл басында кешенді бағдарлама бекітіліп, Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан және Үржар аудандарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудың нақты жоспары жасалды. Игілікті істің алғашқы нәтижелеріне тілшіміз Берік Көшербай да көз жеткізді.
Шекараның шебінде орналасқан ауылдың бірі - Жаңаауыл. Тарбағатай ауданына қарайтын шағын елді мекенге апаратын 9 шақырым жол шұрық тесік болып әбден тозып тұрған. Биыл ақша бөлініп, осы жолға асфальт төселді.
Шәрбану Көжекова, ауыл тұрғыны:-Кезінде көлік жүргізушісі болғам. Жолдың сырын менен жақсы білетін ешкім жоқ. Ризамыз. Жоғарғы жақтан ақша бөліп, жағдайымызды жасап жатқанына. Шекаралық аймақта жатқан ауыл деп бізге ат басын бұрды азаматтар.
Биыл бұл ауылда мектеп пен балабақша да жөнделді. Әлеуметтік мекемелердің есік-терезелері, шатыры жаңаланды.
Біржан Дүтбаев, Тарбағатай ауданының тұрғыны:-Мектептің жағдайы жақсы болса, ата-аналар тұрақты түрде отырып, баласын осы ауылдан оқытады. Шалғайдағы ауыл демей, жағдай жақсарып жатса ауылда, бәрі тұрақталады.
Шекаралық аудандардың дамуы облыс әкімінің жіті бақылауында. Даниал Ахметовтың бастамасымен биыл көпбалалы отбасыларға тұрғын үй салына бастады. Ауылдың жағдайы жақсарған сайын туған жерге қайта көшіп келгендер де көбейді.
Дәуітбек Ниязбеков, Жаңаауыл ауылдық округінің әкімі:-Елге ел қосылса, құт болады дейді. Таяуда ғана Алматыдан 5 баласы бар жас отбасы көшіп келді. Жаңа талап ауылына 4 баласы бар отбасы көшіп келді.
Шекаралық аудандарды дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға 5 жыл ішінде барлығы 209 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр. Тағы 9 млрд теңге жұмыспен қамту жол картасы бойынша бөлінбек.
Берік Көшербай