Елімізде қаржының жоқтығынан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер инновациялар енгізе алмай отыр. Ғылыми зерттеулердің қолданысқа енбейтіні содан. Жалпы, біздегі ғылымға қаржы бөлу көрсеткіші ішкі өнім көлеміне шаққанда небәрі - 0,2 процент. Бір-екі салыстырма: ЮНЕСКО мәліметі бойынша бұл көрсеткіш Швецияда 3,6 процент, Ресейдің өзінде 1,2 процент, тіпті Солтүстік Кореяда 4,3 процент.
Былтыр аграрлық ғылымды қаржыландыру 17 жарым миллиардты немесе саланың ішкі өнімінің 0,4 процентін құраған. Келесі жылы 25 млрд-қа жеткізу жоспары бар. Ал осы қарқынмен жүрсе, 1 процентке 2030 жылы жетеді екен. Дегенмен оның өзінде кілтипан бар – ғылыми зерттеулерге қаржының 90 проценті, тәжірибеге 10 проценттен аз жұмсалады. Ал трансферт пен коммерциаландыруға – нөл. Әлемде бұл үш бөлікке қаржы теңдей бөлінеді.
Ал ауыл шаруашылығы шын дамыса, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деген теңеу қазіргідей кекесінмен айтылмаушы еді.
Егер шаруашылықты ғылыммен ұштастырса, мәселе қалай шешілетінін Алматы облысындағы меншікті тілшіміз Қуаныш Қанатұлы тарқатады.