Көкшетауда балабақша қызметкері мен бүлдіршін вирус жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда балабақша қызметкері мен бүлдіршін вирус жұқтырған

13.11.2020

Көкшетауда балабақшалардың бірінде істейтін медицина қызметкерінен және бүлдіршіннен коронавирус анықталды. Ал Павлодар облысы Ақсу қаласындағы мектеп карантинге жабылған. Бұған қоса үш балабақша жұмысын тоқтатты.  

Көкшетауға әуе және теміржол арқылы келушілерге қатысты санитарлық талаптар қатаңдатылды. Ұшақпен келген жолаушыларда ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі болу керек. Анықтама болмаса, ол адам 7 күнге оқшауланады. Ақмола облысында шағын бекеттерде пойыз тоқтамайды. Қазіргі уақытта 10 шақты ірі елді мекенде ғана вокзалдар жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, қала ішіндегі қоғамдық көлік қозғалысында да өзгеріс бар.  

Осы Көкшетау қаласындағы балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін медицина қызметкерінде және бір балада коронавирус инфекциясы анықталды. Мейірбике күнделікті барлық балалармен байланыста болғандықтан, мектепке дейінгі мекеме жабылды. Бөбекжайда 118 бала тәрбиеленген. Ал мектептер екінші тоқсанға дайындалуда. Ақмола облысында оқушылар саны 300-ден аспайтын мектептер қалыпты режимде жұмыс істейді.

Ал Павлодардың іргесіндегі шағын қала Ақсудағы №2 ші мектеп карантинге жабылды. Бұдан басқа үш балабақша жұмысын тоқтатты. Жалпы өңір бойынша 15 бала КВИ жұқтырған. Олардың арасында екі айлық сәби бар. Ал, қазан айынан бері коронавирус 91 адамнан анықталды. Олардың 40- қа жуығы зауыт жұмысшылары. Сондықтан қаланы айналдыра блок-бекеттер қойылып, әр ауылдық округте мониторингтік топтар жасақталды 

Еліміздегі әрбір бесінші бала оқитын Түркістан облысында оқу жылының екінші тоқсанында 915 мектептің 157- сінде сабақтар штаттық режимде өтеді деп күтілуде. Бұл шалғай ауылдардағы мектептер саналады. Онда 5-тен 180 балаға дейін оқиды. Сонымен қатар кезекші сыныптарда ата-аналардың өтініштерімен 50 мыңға тарта білім алатын болды.  

Қарағанды облысында бір санитарлық бекеттің жұмысы тоқтатылды. Бұған дейін карантинге жабылып, кейін санитарлық бекет арқылы тұрғындардың кіріп-шығуы қадағаланған Бұқар жырау ауданындағы Центральное ауылы қазір ашық. Соңғы екі аптада елді мекенде инфекция жұқтырғандар анықталмаған. Бұған қоса өңірде ахуал жақсаруына байланысты кинотеатрлар жұмысқа кірісті. Тек келушілер алдын-ала infokazakhstan.kz сайтына тіркелуі керек. Кинозалдарға 50 адамнан артық кіруге болмайды. Көлік жөндеу орындарының жұмыс істеу уақыты түнгі 10-ға дейін ұзартылды.  

Руслан Нұрланұлы  


Көкшетау балабақша вирус

Хабарламаларға жазылу