Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 48 миллионнан асты. Эпидахуалдың ушығуынан бірқатар елдерде, әсіресе Еуропада карантин талаптары күн сайын күшейтіліп жатыр. Украинада демалыс күндеріне арналған қатаң карантин енгізілмек.
Ал Италияда науқастар санының күрт артуына байланысты бірнеше өңірде локдаун жарияланып, коменданттық сағат бекітілді. Қатаң тәртіп бір айға созылады деп жоспарланып отыр.
Ұлыбританияда да шектеу шаралары күшейтілді. Өткен тәулікте бұл елде індеттен 492 адам қайтыс болды. Дегенмен адамдар жаңа ережелер енгізілгенге дейін, соңғы мүмкіндікті пайдаланып, жаппай қыдыруға шыққан. Мейрамхана, барларда ине шаншар орын болмады.
Ал Испанияда қайта енгізілген оқшаулау режимі салдарынан жұмыссыздық деңгейі артты. Ресми дерек бойынша, қазанда бұл көрсеткіш 1,31 пайызға өскен. Жалпы карантин басталғалы елде 4 миллиондай адам табыс көзінен айырылды.
Инфекция жан-жануарлардан да анықталып жатыр. Данияда қаракүзендерден «ковид» табылған соң, ел билігі 17 миллион жануардың көзін жоятынын хабарлады. Мамандардың айтуынша, олардан табылған вирустың мутацияланған түрін 12 фермер жұқтырған. Болжам бойынша, күзендердің жойылуынан ел бюджеті 400 миллион доллардай шығынға ұшырайды.
Жансая Қапасқызы