Қазақстан мен Украина арасындағы сауда айналымы 1,3 млрд долларға төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Украина арасындағы сауда айналымы 1,3 млрд долларға төмендеді

22.10.2020

Қазақстан мен Украина арасындағы сауда-саттықты арттыруға логистиканың қиындығы мұрша бермей тұр. Украина тауарларын Ресей арқылы өткізу мүмкін болмағандықтан, Қазақстанға импортты жеткізу оңай шаруа емес. Екі ел арасындағы іскерлік байланысты ілгерлету үшін украиналықтар қазақ билігіне үміт артып отыр. 

Украина мен Ресей арасына сызат түскелі елімізге тауар тасымалдау қиындық туғызбай қоймады. Ресей рұқсат бермесе, Украина өнімдері Қазақстанға екі паром: Потия қаласы мен Грузия арқылы тасымалданады, бұл - шығыны мен шырғалаңы көп логистика. 

Асқар Шоқыбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:
Мысалы 2012 жылдары өте жақсы көрсеткіштер болатын. 5,4 млрд доллар болатын екі жақты сауда айналымы, бүгінгі күні 1,3 млрд-қа дейін төмен түсіп кетіпті. Оған енді белгілі себептер бар. Өздеріңіз білесіздер, ол жаңағы логистикаға байланысты. Қазір екі мемлекет арасында сауда экономикалық ынтымақтастық бойынша мемлекетаралық комиссия бар екен. Соның әлеуеті мол, соның механизмін қолданып, мемлекеттер арасындағы экономикалық саладағы қарым қатынасты дамыту бойынша мәселені қарастыру жөн болар деп санаймын. 

«Мәселені Ресеймен достық қатынастағы Қазақстан реттей алады», - деп сенеді Украинаның іскер топ өкілдері. Олай болмаған күнде, екі ел арасындағы млн долларлық келісімшарттың іске асуы екіталай.  

Владимир Саченко, Украина өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының вице-президенті:
Қазақстанмен бірлескен кәсіпорын құру үшін аса қажетті машина құрылғылары мен қондырғыларды жеткізу үшін құны 258 млрд доллар тұратын келісімшарт жасауды жоспарлағанбыз. Бірақ бұл тауарларды жеткізу мүмкін болмай тұр, өйткені Ресей өз жері арқылы өткізуге рұқсат бермейді. Сондықтан екі паром арқылы тасымалдап, орасан шығынға батудамыз. Қазақстан билігінен біз осы транзитті жеңілдету жолдарын қарастыруды сұраймыз. 

Қазақстан мен Украинаның бизнес өкілдері жүзден астам «B2B» форматындағы кездесу өткізуді жоспарлайды. Бизнес форумның алғашқы күні машинақұрастыру, фармацевтика және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу технологиясына қатысты 3 меморандумға қол қойды. 

Аида Әбіл


Қазақстан Украина сауда айналымы

Хабарламаларға жазылу