Коронавируспен күресте жүрген медицина қызметкерлеріне бір реттік әлеуметтік төлем беру тоқтатылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов хабарлады. Бүгін ведомство өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, індеттің таралауы және онымен күресте қандай шаралар атқарылып жатқанын айтты.
Осыған дейін бір реттік өтемақыны алдыңғы шепте жүріп, өздері коронавирус жұқтырған 9 мыңға жуық медқызметкер алған еді. Енді дәрігер індетпен ауырса мемлекет тарапынан төлем жасалмайды. Бірақ, көмек жергілікті атқарушы орган есебінен көрсетілуі мүмкін. Бұған дейін ауру жұқтырғандарға 2, қайтыс болғандарға 10 миллион теңгеден төленіп келді.
Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
-Бір реттік әлеуметтік төлемді тоқтату туралы шешім қабылданды. 20-қазаннан бастап өтініштер қабылданбайды. Ал осыған дейін 13 мың медицина қызметкері ковидпен ауырды. Олардың 95 пайызына өтемақы төленді. Қалған 5 пайызы осы аптаның аяғына дейін алады.
Алайда, елдің 12 өңірінде қатарынан індет қайта күш алып келеді. Өткен аптамен салыстырғанда ауруға шалдыққандар саны 1,2 есеге артқан. Ал қыркүйектің басынан 250 оқушыдан вирус анықталды. Оның жартысына жуығы кезекші сыныптарда оқитындар. Олармен байланыста мың жарымға жуық адам болған. Осы себепті, екінші тоқсанда да балалар қашықтан оқуды жалғастырады. Әлемде де жағдай мәз емес. Дерт дендеді. Сол себептен мемлекеттік шекараларда санитарлық-карантиндік бақылау жұмыстары әлі де күшейтіледі. Соңғы күндері елге автокөлікпен келген 122 адамнан коронавирус анықталған. Сондықтан енді халықаралық жүк тасымалдаушылардан да коронавирусқа анықтама талап етіледі.
Бұдан бөлек 26-қазаннан бастап шетелге шығатын әуе рейстерінің қатары қысқарады. Украинаға аптасына бір рет қана, Германияға 4, Түркияға 6 әуе рейсі қатынайды.
Фариза Мұсақызы, тілші:
-Бірақ, халықта әлі де бейғамдық басым. Бір айда карантин талаптары 7 мың рет бұзылған. Көбі Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында. Мұндай антикөрсеткіш жалғаса берсе, мамандар қаңтарда қайтадан қатаң карантин енгізілетінін ескертті.
Фариза Мұсақызы