Ауыл халқы наразы: 230 млн теңгеге тартылған ауызсу ішуге жарамсыз болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл халқы наразы: 230 млн теңгеге тартылған ауызсу ішуге жарамсыз болып шықты

21.10.2020

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Шешенқара ауылына ауызсу тартылғанымен, ішуге жарамсыз. Өйткені қазылған 10 ұңғыманың 7-нде судың сапасы талапқа сай емес. Оның себебін тұрғындар тым жақын орналасқан қоқыс полигоны мен мазардан көріп отыр. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Шешенқара ауылында ауызсу мәселесі жылдар бойы шешілмей келген еді. Ал биыл мемлекеттік бағдарламамен бюджеттің миллиондаған қаржысы бөлініп, ауызсу тартылғанымен, жұмыс нәтижесіне көптің көңілі көншімеді. Себебі соның маңында мазар орналасқан және қоқыс полигоны бар. Сондай-ақ, өзен ағып жатыр. 

Биыл мемлекеттік бағдарламамен 230 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, елді мекенге орталық су құбыры тартыла бастады. Алайда ұңғыма орналасқан жер жұрттың наразылығын тудырды. Оның үстіне небәрі 9 метр тереңдікте қазылған құдықтың суы сапалы болатынына күмән көп.  

Амантай Ахметов, Шешенқара ауылының тұрғыны:
Бейіт 350 метр жерде, арғы жағында 600 метр жерде қоқыс полигоны тұр. Қасында 80 метр жерде Нұра өзені ағып жатыр. Жерасты суы да, үстінен аққан көктемдегі су да түгел Нұраға құйылады. Осы ауылдың барлығында бар ондай құдық. 

Мамандардың айтуынша, әу баста жобаның топонимикалық түсірілімі дұрыс жасалмаған. Онда зират та, полигон да көрсетілмеген. Ал жобаны қайта өзгерту үшін тапсырыс беруші, мердігер мен техникалық және авторлық бақылаушы мамандардың келісімі керек. Оның үстіне қаражат та қажет. 

Зүлкәфл Омаржанов, аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:
Біз жоба бойынша біз жасадық. Қай жерден қаз деді, сол жерден қаздық. Олар айтпай, біз әрекет ете алмаймыз. Осы жерде 10 ұңғыма қазылды, соның жетеуінің суы жарамсыз. 

Санитарлық талаптарға сай су көздерін алудың өз заңдылығы бар. Егер ол талаптар бұзылса, жобаны қайта қарау қажет. 

Санжар Иристаев, Аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Тұрғындар жиналып бізге өтініш бере алады. Немесе сол қызмет көрсетуші орган өтініш бере алады. 5 күн ішінде тексеріп, біз санитарлық талаптарға сай, сай емес екендігі туралы қорытынды шығарамыз. 

Ал әзірге ауыл ішіне су тартылып жатыр. Сапасына көңілі толмаған жұрт қаражаттың рәсуа болғанына наразы.

Руслан Нұрланұлы

қарағанды ауызсу

Хабарламаларға жазылу