СІМ: Өзбекстан азаматтарының жеке көліктері шекарадан өткізілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СІМ: Өзбекстан азаматтарының жеке көліктері шекарадан өткізілмейді

21.10.2020

250-ге жуық Өзбекстан азаматы Ресей шекарасынан 10 күннен бері өте алмай сергелдеңге түсті. Бүгінде олар Қазақстанға жақын маңдағы «Қараөзек» бекетінде тұр. Еңбек мигранттары көлікте түнеуге мәжбүр. Оларға Астраханьның Красный-Яр ауданында тұратын жұртшылық азық-түлік әкеліп, көмектесіп жатыр. Мигранттардың арасында 10 жасқа дейінгі 12 бала бар. Мәселенің қалай шешілетіні әзірге белгісіз. 

Баходир Аминов «Өзбекстан» өзбек мәдени қоғамдық бірлестігінің Астрахань облысындағы жетекшісі:
Қазақстан тарапынан да көмек сұраймыз. Ең болмаса, осы жиналған адамдарды бөліп-бөліп өткізсе екен. ПТР анықтамалары да қолдарында. Олардың енді баратын жері жоқ. Амалсыздан өзен суына жуынып, далада тамақ істеп ішіп жатыр. Жағдай өте қиын. Мигранттардың арасында тіпті 3 айлық сәби де бар. 

Осы мәселеге қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ақпарат таратты. Онда Өзбекстан азаматтарының жеке көліктері арқылы шекарадан өткізілмейтіні жазылған. Олар үшін бір ғана жол қалып тұр. Енді өз еліне тек транзиттік дәліз арқылы пойызбен немесе арнайы автобуспен қатынай алады. 

Жандос Темірғали


Өзбекстан шекара Ресей

Хабарламаларға жазылу