Бұл - тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші парламент сайлауы. Бұған дейін 6 сайлау өткен. Парламент Мәжілісіне алғашқы сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда болды. Мажоритарлық жүйе негізінде 67 депутат сайланды.
1999 жылғы екінші сайлауға 10 саяси партия қатысты. Парламентке 5 партия мен кәсіподақтар федерациясы және 23 тәуелсіз депутат өтті. Депутаттар саны 10-ға артып 77 болды. Жалпы сайлау барысында кандидаттар саны - орта есеппен бір орынға 8 адам тіркелді. Бұл - Қазақстанда бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
2004 жылдың қыркүйегінде үшінші шақырылымға 5 партия түсіп, 18 тәуелсіз депутат сайланды. Палата құрамында 69 ер адам және 8 әйел болды.
Төртінші сайлау 2007 жылдың тамызында өтті. Парламент құрамы 107 депутатқа кеңіді. Жеті саяси партия қатысқан сайлауда 7 пайыздық межені тек «Nur Otan» партиясы еңсерді. Қалған депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.
Бесінші сайланған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда жасақталды. Сайлауға жеті саяси партия қатысты. Олардың үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан аса дауысына ие болып, Парламент Мәжілісіне өтті.
Ал алтыншы Мәжіліс сайлауы 2016 жылы 20 наурызда өтті. Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Мәжіліс құрамына кірді.
Шерхан Жамбылұлы