Қазақстанның сыртқы қарызы қанша - министрлер жауап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша - министрлер жауап берді

21.10.2020
Қазақстанның сыртқы қарызы қанша - министрлер жауап берді

Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында депутат Дания Еспаева мемлекеттік қарыз мәселесін көтерді. Айта кетейік, бүгін парламентте республикалық бюджет нақтыланған болатын. 

Ал, Еспаеваның айтуынша, мемлекеттік қарыз сомасы өскен сайын республикалық бюджетке салмақ түсіп, қарызға қызмет көрсету шығындары артады.

«2021 жылы Қазақстанның қарызы жалпы ішкі өнімге шаққанда 30,3 пайызға, 2022 жылы 30,5 пайызға тең болады деп болжанған. 2025 жылы 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, 25 триллион 692 миллиард теңгеге жетеді деп күтіледі. Үкіметтің есебінше, биыл мемлекеттік қарыз ЖІӨ-ге шаққанда 29,2 пайызға тең болады», - деді депутат.

Бұған дейін де депутаттар бұл мәселені бірнеше рет көтергенін айтқан Еспаева министрлерден жағдайды өзгерту үшін қандай шара қолданылып жатқанын сұрады.

Осы орайда Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов биыл қарызды жабу ЖІӨ-нің 12 пайызына тең болғанын, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 23 пайызға жететінін айтты. Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік қарыздың көлемі қауіпсіз деңгейде екенін жеткізді.

«Біз күн сайын мониторинг жүргіземіз. Қазір жағдай нашарлап, тапшылық көбейді. Біз қарызымызды өзге мемлекеттермен салыстырып отырамыз. Мәселен, Түркияда мемлекеттік қарыздың мөлшері ішкі жалпы өнімге шаққанда 40 пайызды құрап отыр. Мексикада – 55 пайызға, Индонезияда – 37 пайызға тең», – деді Жамаубаев.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов та осы мәселеге қатысты түсінік берді. 

«Үкімет нақты лимитті 27 пайыз деп белгіледі. Сондықтан мемлекеттік қарыздың мөлшері қауіпсіз деңгейде сақталып отыр. Халықаралық ұйымдар лимитті 50 пайыз деңгейінде белгілейді. Қазіргі дағдарысқа байланысты Еуропалық одақ елдерінде оны тағы арттыру мәселесі қаралып жатыр», - деді Смайылов.

Хабарламаларға жазылу