COVID-19 коронавирусы мен соған ұқсас пневмония бойынша соңғы ақпар: COVID-19 вирусы ПТР тесті бойынша өткен тәулікте 104 адамнан анықталды, ресми дерек бойынша наурыздан бері жалпы саны 109 406. Сондай-ақ, өткен тәулікте 80 адам емделіп шыққан, жалпы жазылып шыққандар 105 001, қайтыс болғандар 1768.
Ал коронавирустық белгісі бар пневмония бойынша өткен тәулікте 197 ауру тіркелген, 1 адам қайтыс болды, 42 адам емделіп шыққан. Тамыздан бері хатталатынын еске саламыз, тиісінше, сол уақыттан бері тіркелгендер саны 35 914, қайтыс болғандар 381.
Әлемде COVID-19 коронавирусының таралу қаупі қайта күшейді. Франция коронавирус індетінің екінші толқынымен күрес аясында кешеден комендант сағатын енгізді. Президенті Эммануэль Макрон халқын кешкі сағат 9:00-ден таңғы сағат 6:00-ге дейінгі аралықта көшеге шықпауға шақырды. Комендант сағаты Парижде және одан өзге сегіз қалада енгізілді. Нидерландыда, Испанияның Каталония аймағында, Чехияда дәмханалар мен мейрамханалар жабылды.
Біздің елімізде «Екінші толқын» күздің аяғы, қысқа қарай деп болжанды. Ал қазір бизнес нысандарына жасалып жатқан рейдтер санитарлық талаптардың сақталмайтынын көрсетіп отыр. Тағы да, вирус жоғалып кеткендей тіршілік қылу. Той-думан, құдалық... Жұмыс істеп, нәпақа табу, бірақ сақтық шараларын барынша сақтау, бір сөзбен айтқанда, вируспен өмір сүру дағдысы және қауіпті ескермей, сақтық шараларына бейнелеп айтқанда «түкіріп қарап», онымен қоймай, бешірлету...
Жазда бізде де жағдай қатты ушыққанын еске салсақ, жадымыз жаңғырып, өзін-өзі сақтау инстинкті ояна ма? Данияр Қайыртай жалғастырады.