Биылғы 9 айда республикалық бюджеттің шығыстары 10 трлн 272 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік органдар 20 млрд теңгені игермеген. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,5%, республикалық бюджеттің шығыстары - 99,8%, жергілікті бюджеттердің шығыстары – 99,5% атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 10 трлн 272 млрд теңгені құрады. 26 млрд теңге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 6 млрд теңге, игерілмегені – 20 млрд теңге», - деді министр.
Атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігі 1,8 млрд теңгені, Бас прокуратура – 1,5 млрд теңгені, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі – 1,4 млрд теңгені, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 0,9 млрд теңгені игермеген. Оның себептері конкурстың құжаттары ұзақ рәсімделген, шарттарды жасау да ұзаққа созылған, карантин кезінде тауарлар уақытында жетпеген.
«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,6 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 30 млрд теңге. Ағымдағы жылы өңірлерге 2,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Алдын ала мәліметтер бойынша, оларға (бірінші қазандағы дерекке сәйкес) 1,5 трлн теңге бөлінді. Оның ішінде 99,5% игерілген. Атқарылмағаны - 8 млрд теңге. Оның ішінде 2 млрд теңге үнемделді, 6 млрд теңге игерілмеді», - деді Жамаубаев.
Бюджет қаражатын ең көп игермеген өңірлер - Ақтөбе (0,9 млрд теңге), Батыс Қазақстан (0,6 млрд теңге), Қарағанды облысы (0,5 млрд теңге) және Нұр-Сұлтан қаласы ( 0,5 млрд теңге).