Аңшының көлігі Каспий жағасындағы алапат өртке себеп болды

12.10.2020

Атырау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында қамыс өрті қайта өршіді. Қызыл жалын ошағы қала іргесіндегі Алғабас ауылының маңына ойысты. Тілсіз жау «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағын да шарпып үлгерген.

Жандос Темірғали, тілші:
Теңіз жағасында өрт 2 күн бұрын түс ауа тұтанған. Оқиға қала орталығынан шамамен 43 шақырымдай жерде болып жатыр. Біз қазір Кеңөзек ауылдық округіне қарасты, Алғабас елді мекенінің маңында тұрмыз. Қызыл жалын ошағының үлкен екенін мына түтіннен-ақ байқауға болады. Айналдырған 2 күннің ішінде 750 гектардай жердегі қамыс жанып кетті. Бүгінде тілсіз жауды өшіруге 11 техника мен 46 адам жұмылдырылды. ТЖД-нің өкілдері өрттің шығу себебіне аңшылардың қатысы бар дегенді айтады. 
Рашид Біләлов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Соның автокөлігі, кеме прецебі және қайығы өртеніп кеткені анықталды. Біздің болжам бойынша, қамыс өрті аңшылыққа шыққан автокөліктің кесірінен шыққан. 
Жандос Темірғали, тілші:
Қызыл жалынның тұтануына себепші болуы мүмкін деген аңшыға қатысты тексеру  басталды. Бүгінге дейін өртті сөндіру қиынға соғып тұр. Өйткені тілсіз жау шарпыған аумақ батпақты, жету өте қиын. Бұған дейін осы Теңіз жағалауындағы өрт оқиғасы қыркүйек айының 1-інде тіркелген еді. Ол кезде қамыс 1 аптадай тоқтаусыз жанып, салдарынан 300 гектардай жерді жалын шарпыды. 


Атырау қамыс өрті өрт

Хабарламаларға жазылу