Абай шыңына көтеріліп, ақын рухына тағзым еттім — Назарбаев

07.10.2020
Абай шыңына көтеріліп, ақын рухына тағзым еттім — Назарбаев

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды «Qazaqstan» арнасы.

Елбасы мақалада Абай Құнанбаевтың қазақ халқының өміріндегі орнына тоқталған. Сондай-ақ ақынның мерейтойына әзірлік өте қиын-қыстау кезеңде қолға алынғанын атап өткен.

«Экономикалық-әлеуметтік проблемалар шаш-етектен болып тұрғанына қарамастан, нар тәуекелге бардық. Арнаулы қаулы қабылдап, атқарылатын іс-шараларды тиесілі мемлекеттік құрылымдар мойнына жүйе-жүйесімен жүктедік. Мерейтойға әзірлік жөніндегі республикалық комиссия және штаб құрылып, оны қаржылық, материалдық-техникалық, инфрақұрылымдық, идеологиялық, дипломатиялық, ғылыми, мәдени тұрғыдан қамтамасыз етудің нақты шаралары бекітілді. Барлық жұмыстың барысын өз бақылауымда ұстадым. Жауапты тұлғалардың қатысуымен арнаулы мәжілістер ұйымдастырып, жағдайды жан-жақты пысықтап отырдым», - деп атап өтті Елбасы өз мақаласында.

Назарбаевтың айтуынша, Абай мерекесі даңғойлықты көтермейді, ұлы адамды еске алу құрметіне, турасын айтқанда, атаулы күндерді атап өтуде бізде үйреншікті әдетке айналып кеткен шектен тыс ас та төк той жасаудың қажеті жоқ. 

«Парасаттылық, ақылға қонымдылық, ең бастысы, зиялылық пен ұстамдылық қажет. Мерейтой даңғазалықтан аулақ, жоғары мәдениеттілік аясында өтуге тиіс. Абайдың өзі бізді осыған үндеп кеткен және оның өсиетіне кереғарлық етуімізге болмайды», – деп жазады ол.

Елбасы мерейтой аясында атқарылған бірқатар жұмыстарға да тоқталған.

Мақаланың толық нұсқасы: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласы

«Ұлы ақын шығармаларының алғаш рет жан-жақты текстологиялық сараптамадан өткен екі томдық академиялық жинағы, «Абай» энциклопедиясы жарық көрді. Абайдың өмірі мен шығармашылығын тұтас қамтитын «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі құрылды. Жидебайда үш жүз алпыс әулиелі мекен Маңғыстаудан әкелінген ұлутастардан ақшаңқан күмбезді Абай-Шәкәрім кесенесі тұрғызылып, оның ашылу рәсімінде бұл орынның енді әр қазақ үшін рухани Меккеге айналғанын атап өттім», - делінген мақалада.

Назарбаев Алатаудағы Абай шыңына шыққанан да атап өткен.

«Алатаудың жан-жағы тіп-тік құлама құздармен қаусырылып, заңғар басына бұлт қонақтаған Абай шыңына көтеріліп, ақын рухына тағзым еттім. Ұлы ақынның өз халқымен бірге адамзаттың биігінен көрінгенін тіледім», - деп жазады Елбасы.


Елбасы Назарбаев Тұңғыш Президент Абай аманаты

Хабарламаларға жазылу