«Baiqymyz» гастрофестиваліне 60-қа жуық қымыз өндіруші қатысады
Осы аптада Астанада «Baiqymyz» гастрофестивалі өтеді. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан шараның ауқымы кеңейе түсті. Қазақстандық қана емес, шетелдік қымыз өндірушілер де қатысады. Қазір «Қазанат» иппадромында дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Айта кететейік, биыл байқау халықаралық деңгейде болады. Қымызды бағалау жүйесі де өзгермек.
Халықаралық ұлттық сусын байқауына 60-қа жуық қымыз өндіруші қатысады. Жеңімпаздар «BaiQymyz», «Ем қымыз» және «Халық таңдау» аталымы бойынша анықталады. Арнайы сарапшылар қымыздың дәмін, құрамын, ашыту технологиясын кәсіби тұрғыда бағалайды.
Жұмажан Қалтаев, «Baiqymyz» гастрофестивалінің авторы:
Бірінші қымызды зерттеп жүрген ғалымдарымыз бар - Қазақстанның ғалымдары. Сол әділ-қазы болады, солар анықтайды. Ол құрамы, дәмі, дәмінің балансы, текстурасы дейді. Екіншісі – «Шипа қымыз». Біз қымызды зертханаға өткіздік. Осы жерде кімде қандай витаминдер бар, соның мөлшерімен жарысады. Үшіншісі, ол – халықтың дауысы. Бір адам бір телефонмен бір-ақ дауыс бере алады.
Ұйымдастырушылар биыл 100 мыңға жуық қонақ келеді деген болжам айтып отыр. Фестиваль аясында «Дәстүр сәні» байқауы ұйымдастырылады. Оған ұлттық нақышта киініп келген тұрғындар қатыса алады. Үздік образ иесіне Жылқы сыйға тартылады. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлеріне жарыс, «Үздік қазы» байқауы ұйымдастырылады.
Жұмажан Қалтаев, «Baiqymyz» гастрофестивалінің авторы:
Біздің эстрада жұлдыздарымыз: Садраддин, Ғазизхан, Жұбаныш, Абик, Қайрат Баекенов сияқты басқа да өнер жұлдыздары, халық әндерін айтатын Ерлан Рысқали, Жанғали Жүзбай ағаларымыз келеді.
Былтырғы мақсат – қымызды таныстыру болса, биылғы міндет – оны ұлттық бренд деңгейіне көтеру. Бұл алаң - өндірушілерге өнімін сертификаттап, халықаралық нарыққа шығаруға жол ашатын үлкен мүмкіндік. Халықаралық «Baiqymyz» гастрофестивалі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 11-12 шілдеде «Қазанат» иппадромында өтеді. Келушілер алдына ала ресми сайттан билет сатып алуы шарт. Зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Әкімдік өкілдері фестиваль өтетін орынға жылдам жетуі үшін қоғамдық көлікпен қатынауды ұсынады. Мұнда №18, №37 және №303 автобустар қатынайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы