Басты Жаңалықтар Джеки Чанның жаңа фильмі Қазақстанда түсіріледі

Джеки Чанның жаңа фильмі Қазақстанда түсіріледі

Алматыға әлемге әйгілі актер Джеки Чан келді. Голливуд жұлдызының қатысуымен түсірілетін «Доспехи бога: Ультиматум» халықаралық фильмінің өндірісі ресми түрде басталды. 

Салтанатты рәсімге Премьер-Министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ отандық және шетелдік киноиндустрия өкілдері қатысты. Аида Балаева Джеки Чанға Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік пен жаңа шығармашылық табыстар тіледі.  Шара барысында Джеки Чан жас суретшілермен және кинематографистермен кездесіп, шығармашылық жолында үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті. Балалар әйгілі актерге өздері салған портреттерін сыйға тартты. Қос елдің қолдауымен таспаланатын фильмнің түсірілімі шілде-қазан айларында Алматы қаласы мен облысында, сондай-ақ Маңғыстау өңірінде өтеді. Халықаралық прокатқа шығатын жоба Қазақстанның мәдени және туристік әлеуетін әлемге танытып, елдің халықаралық кино өндірісіндегі орнын нығайтуға ықпал етпек.


Бөлісу