Құс етінің өндірісі ішкі нарықтың жартысын ғана жабады - АШМ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құс етінің өндірісі ішкі нарықтың жартысын ғана жабады - АШМ

06.10.2020
Құс етінің өндірісі ішкі нарықтың жартысын ғана жабады - АШМ

Қазақстан құс етінің импортын қысқартса жыл сайын 77 млрд теңгені үнемдей алатын еді. 

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында отандық нарықты құс етімен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

«Қазір құс еті бойынша өз өндірісіміздің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58 пайызын ғана жабады. Ішкі нарықты толықтыру үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Бұл міндет жаңа құс фабрикаларын іске қосу, сондай-ақ құс фабрикаларының қолданыстағы қуаттылықтарын кеңейту есебінен 2023 жылдың соңына дейін іске асады. Отандық өндіріс есебінен құс еті импорты көлемін қысқарту ел экономикасында жыл сайын шамамен 177 млн АҚШ долларын немесе 77 млрд теңгені сақтап қалуға мүмкіндік береді», - деді министр. 

Сапархан Омаров бұл міндетті орындау үшін жалпы қуаты 285 мың тонна құс етін өндіретін 19 құс фабрикасы, оның ішінде биыл жалпы қуаты 70 мың тонна болатын 6 құс фабрикасы, 2021 – 2023 жылдары жалпы қуаты 215 мың тонна болатын 13 құс фабрикасы іске қосылатынын жеткізді.

«Жоғарыда аталған 13 инвестициялық жобаны іске асыру үшін қосымша 147 млрд теңге, оның ішінде 69 млрд теңге кредиттік ресурстар қажет», деді ол.

Ал жобаларды табысты іске асыру үшін мынадай мәселелерді жедел шешу қажет: 

- инженерлік инфрақұрылым жүргізуге қаражат бөлу;

- құс етін өндіруді субсидиялауға және инвестициялық субсидияларға қаражат бөлу; 

- құс еті импортына арналған тарифтік квоталарды бөлу тетігін өңдеуші кәсіпорындардың пайдасына өзгерту; 

- азық өндіру үшін жер бөлу.

құс еті импорт ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫ

Хабарламаларға жазылу