Ядролық қарусыз әлем құру - Қазақстанның аса маңызды бағыты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ядролық қарусыз әлем құру - Қазақстанның аса маңызды бағыты

02.10.2020

Пандемия салдарынан жер-жаһан вирустан бөлек тағы бірнеше қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Оның ішіндегі ең қорқыныштысы- ядролық қарусыздану дағдарысы. Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлем алдында осы маңызды мәселені кезекті рет көтерген еді. Беделді сарапшылар мен сақа саясаткерлер Президенттің айтқан сөзінің орынды ұсыныс әрі өзекті мәселе екенін құптап отыр.     

Семей ядролық полигонында жарты ғасырдан астам уақыт жасалған ядролық сынақтар қазақ жерінің мазасын қашырғаны тарихтан белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы-ақ ресми түрде оның есігіне құлып салынғанымен зардабы әлі күнге дейін сезіліп келеді. Сол себепті Қазақстан бұл қаруды таратуға тоқтау салып, әлемге үндеу жасауға толықтай моральдық әрі саяси құқы бар. Президент Тоқаев жоғары мінберден бұл мәселені көтеріп, әлем басшыларына үндеу тастады. 

Альберто Тюркстра, Азиялық зерттеулердің еуропалық институтының сарапшысы:  
-Ядролық қарусыздану-қазақ үкіметінің ұзақ жылдан бергі саясаты екенін бәрі жақсы біледі. Тоқаев Тұңғыш Президент бастаған сол тың бастамаларды жақсы жалғастыруда. Өз сөзінде қазақ басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің 5 тұрақты мүшесіне ядролық қарусыздану туралы хаттаманы тезірек ратифиакциялауды қадап айтты.

Пандемия әлемдегі көптеген проблемалардың бетін ашып берді. Адамзат күнделікті тіршілігінде күрделі өзгерістер жасамаса ары қарай қалыпты тіршіліктің өзі қиынға айналуы мүмкін. Ядролық қару соның ең өзектісі. Өйткені оны таратпау режимі әлі күнге толық іске асқан жоқ. Ал Қазақстан өз аумағында төмен байытылған уран банкін құру арқылы-әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты-дейді сарапшылар. Бұл уранды бомба жасауға пайдаланатын лаңкестік топтардың әрекетіне де тосқауыл.  

Дарья Чижова, Мәскеу мемлекеттік университеті ақпараттық - талдау орталығының директоры:  
- Қазір әлемдегі жағдай шиеленісіп тұр. Соғыс өрті әр жерде тұтанып жатыр. Сириядағы ахуал көптің мазасын қашырды. Енді міне Таулы Қарабақта қақтығыс. Бұл қарусыздану саясатының қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Ал Тоқаев мырзаның дәл қазіргі кезеңде ядролық қарудан бас тартып, бейбітшілікке үндеуі аса маңызды деп есептеймін.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық деңгейдегі антиядролық қозғалыс құруы адамзат баласын аждаһа қарудың алапат қаупінен құтқаруға үлкен үлес қосты. Қазақстан-жаппай қырып-жою қаруынсыз бейбіт өмір сүруге болатынын әлдеқашан дәлелдеді. Енді ортақ игілік үшін бүкіл әлемде осы бейбіт жолды таңдауға шақырады.

Шерхан Жамбылұлы 


Пандемия Біріккен Ұлттар Ұйымы Ядро

Хабарламаларға жазылу