Коронавирус жұқтырған дәрігерлердің көбі әлі күнге өтемақы ала алмай жүр. 22-ші қыркүйектегі жағдай бойынша ауруға шалдыққандардың 14%-ына, қайтыс болған медицина қызметкерлерінің 13%-ына ғана төлем жасалған. Бұл туралы Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясының отырысында палата төрағасы мәлімдеді. Нұрлан Нығматулин сала министрінің есебін «сандарды сапыру»,-деп сынға алды. Алексей Цойдың ақпарына сай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 4064 өтініш түскен. Жалпы кәсіби міндетін атқару кезінде 8 мыңнан аса дәрігер індет жұқтырған. Өтемақыға қол жеткізе алмаудың бір себебі – өңірлік комиссиялар мақұлдамаған. Бұған өтініммен қоса 5 жыл бұрын бекітілген эпидемиологиялық зерттеу картасы берілуі тиіс екен. Ал ондағы талаптар коронавирустың нақты белгілерін көрсетпейді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:-Коронавирус пандемиясы кезінде ең алдымен, мемлекеттік аппараттың шешімдері өте жедел де кәсіби болуы тиіс. Бұған партиямыздың Көшбасшысы-Елбасы және Мемлекет басшысы ерекше назар аударады. Індетке шалдыққан медицина қызметкерлері мен қайтыс болғандардың отбасыларының төлемақысына қатысты, анықтап айтқанда, төленбеу жағдайы құзырлы министрліктердің әлеуметтік бөлімдері арасында өзара іс-қимылдың жоқтығы мен ойластырылмаған қадамдарының нәтижесі.
Нысаналы Ығыл