Қазақстанда оқу жылының басынан бері 104 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында елдегі эпидемологиялық жағдай туралы баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті.
Жалпы, Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, қазір Қазақстан эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырған. 30 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, ел бойынша 107 908 адам вирус жұқтырғаны расталып, соңғы тәулікте 75 адамнан вирус табылған. Пандемия басталғаннан бері 1731 адам КВИ-ден көз жұмды, деп хабарлап отыр Цой. Сонымен қатар, тест вирус барын көрсетпесе де, 32 799 адам коронавирустан болған пневмониямен ауырып шыққан.
«Оқушылар арасындағы ауру деңгейіне жеке тоқталып өткім келеді. Оқу жылының басынан бері 104 оқушыдан КВИ табылды. Олардың ішінде 33 бала кезекші топтарда білім алған, олармен байланыста болған 550 адам анықталды. 550 адамның ішінде 7 адамнан вирус расталды. Қалған 71 бала қашықтан білім алған. Олармен байланыста болған 240 адам анықталып, 15 адамнан вирус табылды», - дейді Алексей Цой.
ДСМ басшысының болжамынша, егер оқушылар 100% оффлайн оқығанда, жағдай бұдан да нашар болатын еді. Сондықтан, ол әкімдерге әлі де болса білім беру ұйымдарының жұмысын қадағалап, кезекші топтардағы санитарлық талапты күшейту керек деп ескертті.