Өскеменде құрылыстағы жарылыстан үйлердің терезелері шытынап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде құрылыстағы жарылыстан үйлердің терезелері шытынап кетті

28.09.2020

Өскемендегі құрылыс алаңдарының бірінде жарылыс болып, көрші үйлердің терезелері шытынап кетті. Бұл оқиға бойынша құзырлы мекеме арнайы тексеру жүргізеді. 

Бұл өткен жұма күні болған жарылыстың көрінісі. Өскеменнің жаңа ықшам ауданында гематологиялық орталық салу үшін тау тастарын қопару қажет. Құрылыс алаңында бүгінге дейін 20-ға жуық жарылыс жасалған. Бірақ, соңғыларының біреуі тым қатты болып, қасында тұрған көпқабатты үйлердің терезелеріндегі шыны сынып кеткен. Тұрғындар шығынды өтеп, мұндай қауіпті құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, соңғы 2-3 айдан бері осы маңдағы жұрттың әбден мазасы қашты.  

Қаболла Шәкенов, қала тұрғыны: 
-Тура жартастың үстіне әкеліп салып жатыр. Соны бұрғылап, астына жарылатын зат салып жарады. Бірақ жарылыс кезінде жақын үйлерді ескертпесе, бізге келіп ешкім айтып көрген жоқ. 
Әсет Сүлейменов, Облыстық құрылыс басқармасының басшысы: 
-Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті деген бар, сол уәкілетті орган. Соларға болған жарылыстың күшін, заңдылығын, дұрыс жасалғандығын тексеру үшін хат жолдаймыз. Егер мердігер компания қандай да бір заңбұзушылық жасаған болса, тиісті шараларды қолданады.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу