Семейде төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде төтенше жағдай жарияланды

30.03.2018

Семейде жергілікті деңгейде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы қала әкімі Ермак Сәлімов мәлімдеді. Қалада тасқын судан зардап шеккендерді құтқару жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Қанша тұрғынға көмек керектігі, қанша үйдің жарамсыз болып қалғаны жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ. Оны арнайы комиссия есептейді. Бобровка саяжайы мен Лодочная ауданындағы көшелерден өткен тәулікте 250-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Мұз жару жұмыстары бүгін де жалғасады. Қалың мұзды бұзу үшін қуатты зарядтар қолданып, салдарынан жағалауға жақын үйлердің терезелері қираған болатын. Қала басшылығы «ол үйлердің барлық шығынын өтеп береміз», - деп отыр. Ертістің қатты ағыны сеңді өзен арнасынан ығыстырғандықтан, бірнеше баржалар мен су көліктерін де аударып тастаған. Лодочный кентінің тұрғындары мұндай су 1986 жылдан бері болмағанын айтады.

Николай Синицын, қала тұрғыны:

- Әйелім түскі үзіліс кезінде маған жұмысқа хабарласты. Бірден келдім. Мұз Ертіспен емес, өзеннің тармағымен жылжыды. Оны баржа бөгеп қалды. Ал, су көз алдымызда бөгеттен асып 10 минутта жайылып кетті.

Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:

Егер мұз жару жұмыстарын жүргізбесек, келген су тасқыны мұздарды көтеріп, үйлерді шайып кетер еді. Абырой болғанда, оған жол берілмеді. Сәтпаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің терезелері сынды. Мұздың қалыңдығы 1 метр 20 сантиметр болды. Сондықтан, оны жару үшін 1,5 тонна жарылғышты қолдандық. Жағдайға байланысты жергілікті деңгейде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Яғни, мұны орталық орган қабылдайды. Енді жағдайға байланысты әрекет ететін боламыз.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу