Жұмыссыздарға берілетін төлемақының көлемі артуы мүмкін. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында сала министрі Біржан Нұрымбетов карантин талаптары қатаңдаса қандай қам жасайтынын айтты. Егер коронавирустың екінші толқыны қайталанса, 2 млн-нан астам адам қолдауға мұқтаж болады. Тағы 170 мыңға жуық тұрғын жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан COVID-тен келуі мүмкін қатерге төтеп беруге күш салу керек. Біржан Нұрымбетов сын сағатта шұғыл шаралар қабылдауға дайынбыз деді.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Толық емес немесе қысқартылған жұмысқа көшкен жағдайда ең төменгі жалақы мөлшерінде жалақының бір бөлігін өтеу немесе субсидиялау тетігін енгізу. Карантин кезінде жұмыссыздар үшін жұмыстан айырылу бойынша төлемдер мен көздерінің кезеңдерін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізуді біз жоспарлап жатырмыз.
Яғни, жұмыссыз қалғандар үшін әлеуметтік төлем көлемін көбейту мәселесі қаралып жатыр. Жалпы, қазір еңбек нарығында сұраныс еселеп артып барады. Жұмыс іздеп жүрген жастардың легі 2025 жылға дейін 250 мыңнан асады. Ал еңбекке қабілетті адамдар саны 12 млн 100 мыңға жетеді деген болжам бар. Сондықтан жыл сайын жаңа жұмыс орнын қазіргідей 400 мың емес, 700 мыңға дейін көбейту керек.
Нысаналы Ығыл