Ақтөбе қаласында төтенше оқиға болды. Ішкі істер министрлігінің хабарынша, Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментіне қаладағы қару-жарақ сататын «Паллада» деген дүкенге бейтаныс адамдардың шабул жасалғаны туралы ақпарат түскен.
Сонымен қатар, тағы бір қару-жарақ сататын дүкен мен әскери бөлімшеге де шабуыл жасалғаны белгілі болған. Шабуыл кезінде «Паллада» дүкенінің сатушысы мерт болып, бір адам жараланған. Ал, әскери бөлімшеде бір офицер мен сарбаз қаза тауып, үш әскери жараланған.
Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, қабылданған шара барысында шабуыл жасағандардың біреуі ұсталып, үшеуі өліп, тағы біреуі жараланған.
Шабуыл жасағандардың бірнешеуі қоршауға алынса, тағы бірнешеуі қашып үлгерген. Қазір қашқандарды ұстау үшін қалада антитеррорлық операция жарияланды. Қаладағы ахуал тұрақты. Құқық қорғау органдары барлық жағдайды өз бақылауында ұстап отыр.