Премьер-Министр азық-түлік бағасы шарықтаған өңірлерді сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр азық-түлік бағасы шарықтаған өңірлерді сынға алды

15.09.2020

Премьер-Министр азық-түлік бағасы шарықтаған өңірлерді сынға алды. Асқар Маминге әсіресе, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы қымбатшылық ұнамай отыр. Мұнда әлеуметтік маңызы бар тауарлар жыл басынан бері 6,1 пайызға дейін шарықтаған. Ал ел бойынша бұл көрсеткіш 4,4 процентке тең. 

Әлеуметтік азық-түлік бағасы жыл басынан бері 4,4 процентке қымбаттаған. Әсіресе қарақұмық, қант, сәбіз пен картоптың бағасы өсті. Бүгін осы туралы Үкіметте баяндаған Сауда және интеграция министрі алаңдауға негіз жоқ дейді. Айтуынша құнның шарықтауына тапшылық себеп болған. Бірақ қазір баға тұрақталып келеді.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі: 

- Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап баға өсімі реттеле бастады. Атап айтқанда, бағалар мамырда 0,1%-ке өсті, маусым мен шілдеде өспей, тамызда тіпті -1%-ке төмендеді.

Десе де жыл соңына дейін баға тағы көтерілуі мүмкін, бірақ шамамен 6 пайыздан аспайды, - дейді министр. Оны өсірмей ұстап тұру үшін түрлі шаралар қабылданып жатыр. Әлеуметтік 9 тауарға шекті баға белгіленіп, құнды негізсіз шарықтатқан кәсіпкерлермен күрес жүруде. 200-дей адамға айыппұл салынған. Тұрақтандыру қорлары да толықтырылып жатыр. 

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Әкімдіктердің жедел деректері бойынша қазір республикада жалпы көлемі 619,2 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен 318,6 млн дана жұмыртқа қоры бар. Азық-түлік тауарларының 16 түрі бойынша Үкіметтің резервтері қалыптастырылған.

Бұл азық-түлік бағасының жөнсіз өсуіне жол бермейді, - дейді Омаров. Бұл ретте әкімдіктердің де көмегі қажет. Премьер-Министр әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын бақылауға алып, апта сайын мониторинг жүргізуді тапсырды. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Әкімдіктер шараларды дер кезінде қабылдаса, бағаның тұрақтылығы мен оны тежеу қамтамасыз етіледі. Біз импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс жасап жатырмыз. Бағаның қымбаттауына ешбір себеп жоқ. Әлеуметтік тауарлардың барлық түрлері бойынша бағаның тұрақтылығына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі. 

Сондай-ақ Үкіметте 2020-2025 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асу барысы талқыланды. Индустрияландыру картасы аясында биыл шамамен 1 триллион теңгеге 206 жобаны іске асыру көзделген. Бұл өндіріс көлемін 1,3 трлн, экспортты 325 миллиард теңгеге арттыруға және 19 мыңдай жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ел экономикасы үшін маңызы зор бағдарламаның орындалуын Премьердің өзі қатаң бақылайды. 


Досжан Маратұлы



Хабарламаларға жазылу