Астанадағы №19 балабақшадан 3 жасар бала жоғалып кетті. Оқиға кеше таңертең болған.
Тәрбиеші балаларды таңғы астан кейін далаға ойнатуға шығарады. Балабақша маңынан шығып кеткен бүлдіршінді әлдебіреу уақытта алып кеткен көрінеді. Ал, балабақша қызметкері болса баладан көз жазып қалғандарын оларды ішке кіргізгенде бір-ақ білген.
Шым-шытырық оқиға былай басталған. 3 жасар Назымгүлді бәз біреулер балабақша ауласынан ертіп кеткен көрінеді. 4-5 сағаттан кейін Ішкі істер органдарына белгісіз әйел хабарласып, баланы алып кеткендігін, оны сол маңға қайта әкеліп тастағанын айтқан.
Арнұр Маханов, Сарыарқа аудандық ІІБ инспекторы:
Бізге ақпарат келіп түсті. Теміржолдың ар жағынан Ташкент көшесінің бойынан табылды. Қандай іс жүргізілетіні анықтау кезінде белгілі болады.
Бұл оқиғаға қатысты балабақша меңгерушісі бастапқыда бізге қандай да бір мәлімет беруден бас тартты.
Мәселенің ушығып кетуінен сескенді ме, кейін ақпарат беруге өздігінен келісе кетті.
Алмагүл Төлеуқызы, №19 балабақша меңгерушісі:
Ол баланың бізге келгеніне бір жыл болды. Бұрын мұндай оқиға болмаған.
Таңғы сағат 09.00-да жоғалған бала сағат күндізгі 14.30-да балбақша маңынан табылды. Алдын ала болжам бойынша бұл жерге бүлдіршінді белгісіз әйел әкеліп тастап кетіпті.
Жазира Шарапат, ата-ана:
Сағат 08.15-те алып келдім. 11-де үйге келіп, Назым шығып кетіпті, балабақшада жоқ, деп айтты. Содан бастап іздедік. Лесозаводтан алып келдік.
Белгілісі бала күні бойы нәр татпаған. Дегенмен, дәрігерлер денсаулығы әзірге қалыпты жағдайда дегенді айтуда. Жаға ұстарлық мұндай жағдайдың күзетшісі бар балабақшада болуы ата-аналарды қатты алаңдатып отыр.
Айтмұхамбет Маханов, ата-ана:
Бұл жерде ешқандай қауіпсіздік жоқ. Қоршаудың асты ашық, бейнебақылау орнатылмаған. Сондай кемшіліктерді есепке алу керек қой.
Бұл оқиғаның түсініксіз тұстары әлі де көп. Құзырлы орган өкілдері тергеу амалдары толық аяқталған соң ғана мардымды мәлімет беретіндерін жеткізді.
Айнұр ОМАР
Құрманәлі ҚАЛМАХАН