Атыраулық бағбан жылыжайда інжір өсіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық бағбан жылыжайда інжір өсіріп жатыр

07.09.2020

Атыраулық шаруа Владимир Розметов өңірде тұңғыш болып інжір өсірді. Тропикалық жемістің алғашқы өнімі де жиналды. Кәсіпкер індет өршіген тұста, жұмыс орынын сақтап қана қоймай, тағы ондаған тұрғынды еңбекке тартты.  

Жылыжайда жайқалып өсіп тұрған інжір — бағбанның екі жылдық қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жеміс түрі – «Күн» деп аталады. Дәмі тіл үйіреді. Көшеті Өзбекстаннан әкелінген. Тәжірибе ретінде егілген 15 түптен биыл 150 келі өнім алынды.   

Владимир Розметов, шаруа қожалығының басшысы:

- Далада да егуге болады мұны. Қыста жүзімді көмеміз ғой, мұны да солай көміп қойсақ, жақсы өседі.

Шаруашылықта алма бағы да бар. 160 гектардан жылына 500 тоннадай өнім жиналады. Лимон ағашы да тұнып тұр. Биыл екі цех іске қосылып, олардан шырын алынуда. Қожалықты өркендету 700-дей жұмысшыға жүктелген. Карантин уақытында тағы 70-тен астам жергілікті тұрғын еңбекке тартылды.  

Виктор Шефер: Алма цехінің технологы:

- Карантинге қарамай айлығымыз сол күйінде қалды. Қысқарту болған жоқ. 

Владимир Розметов, шаруа қожалығының басшысы:

- Әлі жетпей жатыр адамдар. Өтінім беріп қойдық, Сарайшықтың, Махамбет, Қызылқоғаның әкімдігіне. Жергілікті тұрғындардан жұмыскерлер керек деп. Олар жайлап адамдарын беріп жатыр.

Қожалық иесі келер жылы інжір жемісін 1,5 гектар жерге отырғызып, өнім көлемін арттыруды көздеп отыр. Себебі тропикалық жеміске сұраныс күшті. 

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу