Түркістандық бағбан ауласында анар өсіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық бағбан ауласында анар өсіріп жатыр

06.11.2020

Түркістан облысы Келес ауданында тұратын Айбек Сарыбаев өз ауласында субтропикалық жеміс түрін өсіруде. Мемлекет қолдауының арқасында жас жігіт анар ағашын жерсіндіріп, алғашқы өнімін жинады. Баққа анардың көктемге дейін бүлібей сақталатын тұқымдары отырғызылған.

Қиыр Шығыс халқы «жемістердің патшасы» атап кеткен анар бағын тілшіміз Ғани Қалмахан барып, көріп келді. 

Ғани Қалмахан, тілші:
Бақ биыл жеміс бере бастады. Әр ағаш орта есеппен 2-3 келі анар салған. Өйткені ағаштың толық жетілуі үшін әлі 4-5 жылдай уақыт керек. Бұл кезеңде әр түп дарақтан бұдан 10-15 есе артық өнім алуға болады. 

Айбек қазір бақтан екінші қайтара өнім жинауда. Бірақ былтырдан бері негізі күш ағаштың өсіп жетілуіне жұмсалды. Өйткені алғашқы жылдары жемісіне қызықпастан, ағаштардың тамыр тартып, бұтақ жаюына қолайлы жағдай жасау керек. Бала кезінде көріп көкейге түйгендері бар, агрономиялық еңбектерді ізденіп оқи жүріп жалғыз өзі баққа күтім жасады. 

Айбек Сарыбаев, бағбан:
Мұның ең қиын жері көму және ашу. Әр 10 күн сайын дәрі береміз. Егер жазды күні шөлдеп қалса, жарылып кетеді. Сол үшін шөлдетіп алмауымыз керек.

Айбектің мамандағы автоэлектрик. Оған қосымша былтыр «Еңбек» бағдарламасы бойынша қысқа курсты оқып бітірді. Оның анар жемісін өсіру туралы жобасын кәсіпкерлікті қолдау комиссия бірден мақұлдады. Сөйтіп 505 мың теңге грант жеңіп алды. 

Айбек Сарыбаев, бағбан:
Бұл жерде Қува деген сорттан 4 түп ектім. «Дашнабаттан» 56 түп ектім. «Дашнабат» көктемге дейін бүлінбей сақталады және тәтті анар. Ал «Қува» қышқылдау анарға жатады. Жақсы сақталатыны үшін еккен едім. 

Айбек қазір бағбандық кәсібін әрі қарай дамытудың қарекетінде жүр. Жергілікті биліктен 10 гектар жер сұрады. Оған 5 мың түп анар отырғызбақ ниетте. Жиналған өнімді ішкі нарықтан бөлек, экспорттауды да ойластырып қойған. Өйткені анарға Ресей, Қытай мен Оңтүстік Кореяда сұраныс аса жоғары.

Ғани Қалмахан

Түркістан анар бағбан жеміс

Хабарламаларға жазылу