Коронавирус той бизнесіне қалай әсер етті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус той бизнесіне қалай әсер етті?

05.09.2020

Қалыңдық пен күйеу жігіт, жолдастары оларға сүйеу жігіт, жанды дауыста ән шырқайтын өнерпазы және бар. Міне осылай, карантин карантин болғалы той жасауға титімдей мүмкіндік берсе болды, тартынып қалатын ешқайсысы жоқ. Себебін сұрасаң: «қазақтың тойын тоқтатуға болмайды, бұдан нашар күнде де тойға барғанбыз», - деп ақталудан алдына жан салмайтындар бар. Бұл бүгінгі буынның сөзі, бұрынғыдан алсақ, ежелгі грек философы Демокриттің «ойын-тойсыз өмір — аялдайтын бекеті жоқ ұзақ жол сияқты» деген сөзі және бар. Бірақ бүгін бұл мәселеге басқа қырынан қарау керек. Мен айтайын, ал сіздер елмен бірге есте қалар есті сөзді тыңдаңыздар. 

Қырғыздарда мынадай мақал бар: «Ас-аттынікі, той-тондынікі» деген. Атынан ат үркіген атың болса да, тойынғаныңды топқа көрсететін тоның болса да, қазір жағдай басқаша. Тойға тыйым. Кісі малына кісінейтін біз емес, бұл қауіпсіздік шарасы. COVID-19 адамзаттың алқымынан алғанда бөлмеден шықпай бұққан бұқара қазір жағдай тұрақталғалы қолды-аяққа тұрмайтын боп барады. Той-томалақты аулада, жабық жерде жасап тығылыg жүргендер қатаң карантиннің байлауы босатылғалы желіде бір-бірін ашық құттықтайтын, мейрамханалар есігін ашып қойып, сағат 21-00-ге дейін той жасауға болады деген ақпарат тарататын жағдайға жетті. Құдды бір, коронавирус келіп «кешкі 21:00-ге дейін тойлап үлгеріңдер, одан кешіксеңдер, ішке кіріп, бәріңді айықпас дертке шалдықтырамын», - деп уағдаласып кеткендей көрінеді кейде. 

Біз бір нәрсені ұғуымыз керек, қазір халықтың қамын емес нанын жеуге құмар қулар көп. Бақай есепке салып, той үстіне келген тексерушіге мынанша ақша берсек, айыптан құтылып, жауапкершіліктен сытылып кетеміз дейтіндер бар. Бұл жерде бізді аман алып қалатын иемденген жері ен дала, иек асты жері күншілік болған алты Алаштың ақылы ғана. Айдың-күннің аманында ағайынның ақшасын қағып алуға тырысатындар коронавирус заманында аяқасты ұлтжанды һәм жұртқа жанашыр боп кетті деу - ертегінің қалыбына сыймайтын әңгіме. Құзырлы орындар, әрине, әркімнің ауласын тінтіп үлгере алмасы анық, бірақ COVID-19 деген тажал қайтадан тарпа бас салмасын деп мейрамханалардағы тәртіпті темірдей қылып ұстауға тырысады. Оларға «пара бер, сосын тойға бара бер» дейтін пысықтардың көбейгенін естіді ел. Бірақ ол ақылды адамның сөзі емес. Қазір желіде тойханалардың саудаға шыққаны да содан. Бұл тек табыссыз тақырға отырғандардың амалсыз әрекеті емес, санаға салып сауық-сайраннан бас тартқан ағайынның ақылының нәтижесі деп білеміз.

Біреудің жүрмеген ісіне, банкрот болған бизнесіне сырттан қарап кекететін біз емес. Кез келген қиындықтан шығуға болады. Тек қара басының қамын күйттеп, құзырлы орындардың аузын майлап, той жасап, жайлап бұқараның басын бәйгеге тігетіндерден сақтасын дейміз. Сақтау үшін сіз бен біз сақ болуымыз керек, дәл қазір «Мәселе»-ні көріп отырған мұқым ел. Тойсыз өмір, ойсыз өмір емес. Асаба мен әншінің, тойхана иесі мен тойсыз тірлігі тып-типыл болған тұлғалардың бүгіні не болды, ертеңі қалай болады? Еркін Съезұлы баяндайды.

Хабарламаларға жазылу