Алматыдағы 90 мектепте 193 кезекші топтар жұмыс істейді. Онда 1-2 сынып оқушылары білім алады. Өзге мектептерде оқыту онлайн форматта жүргізіледі. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы айтты. Сонымен қатар, мегаполистегі 8 арнайы түзету мектеп-интернаты мен бір орта мектепте білім беру дәстүрлі түрде жүргізіледі. Мұндай шешім бала санының аздығына байланысты қабылданған. Сабақтың ұзақтығы 40 минут, ал үзіліске әр сынып әртүрлі уақытта шығады.
Ләззат Жылқыбаева, қалалық Білім басқармасының басшысы:
- Сыныптарда оқушы шамаменен 10-12 адамды құрайды. Ал биылғы оқу жылында осы мектеп-интернаттардың бастауыш сыныптарында 1034 оқушы 90 сынып комплектісінде білім алады. Сонымен қатар, қаладағы Медеу ауданындағы Сұлусай ықшамауданында орналасқан №197 мектепте оқу санының, оқушы санының аз болуына байланысты оқыту дәстүрлі түрде іске асырылатын болады.
Кезекші сыныптардағы сабақ санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Созылмалы ауруы жоқ балалар кезекші сыныпқа оқуға жіберіледі. Ал ата-аналар немесе жауапты адамдар балаларды санитарлық құралдармен яғни маска, антисептик немесе бактерияға қарсы майлықтармен қамтамасыз етіп, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау туралы түсіндіруі тиіс. Сонымен қатар, оқушыларды мектепке алып келіп, сабақ аяқталғаннан кейін алып кетуі керек.
Нұрхан Нұрланұлы