Татарстанмен іскерлік байланыс нығаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Татарстанмен іскерлік байланыс нығаяды

31.08.2020

Келер жылы Алматы-Нұр-Сұлтан- Қазан бағытында тікелей әуе рейстері ашылмақ. Сондай-ақ, татар кәсіпкерлері Қазақстанмен бірлесіп машина жасау саласында ортақ көлік шығаруға ниетті. Бұл туралы қазақстандық делегацияның Татарстанға жұмыс сапары барысында мәлім болды. Қазір бұл елде 2000-нан астам қазақстандық жас оқып жатыр. Сондықтан білім саласында да әріптестікті нығайтып, студент алмасу бағдарламасын іске асыру көзделуде.

Индира Бегайдар, тілші:

- Қазақ-татар қатынасы шынайы достық пен сенімге негізделген. Біздің ортақ тарихымыз, ұқсас тіліміз, дәстүріміз бар. Алдағы меже - сауда айналымын 1 млрд долларға жеткізу. Қазақ делегациясының басты мақсаты -экономикалық, саяси,әлеуметтік,мәдени және ақпарат саласында ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару.

Татарстанмен биылғы жартыжылдықта сауда-саттық көлемі 390 млн доллардан асты. Енді ортақ жобалар керек. Ел президенті Рустам Минниханов, тұңғыш президент Минтимер Шаймиевпен өткен кездесуде Қазақстанды стратегиялық әріптес, ал қазақты дос, бауыр санайтынын жеткізді. Татар тарапы жеке-дара жүргеннен бірлесе іс қылған тиімдірек, дейді.

Денис Валеев, Қазақстандағы Татарстанның өкілетті өкілі:

- Біздің кеме жасаушылар қазақстандық әріптестерімен жуырда кеме жасап шығарады. Қорғаныс министрлігімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Ұшақ шығаруда да қауқарымыз жетеді. Орал қаласында татар компаниясы «Ақылды ауруханалар» жобасын қолға алды.

Татарстанда 1000-ға жуық БАҚ бар. Мұндағы медиа Ресейде жетекші орынға, беделге ие. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бастаған делегация елдің ақпарат құралдарының жұмысымен танысты. Онлайн коференция өткізіп, тәжірибе бөлісу, маман алмасу жағы қолға алынбақ.  

Екі халықтың рухани-мәдени үндестігі, өзара ұқсастығы бар. Қазақ-татар ғалымдары мәдени тарихымызды бірлесіп зерттеп, ортақ ғылыми жоба жасамақ.

Дихан Қамзабекұлы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры:

- Татарстанның мұрағат қорларында қазаққа қатысты еңбектер көп. Соны жаңа қырынан танытып, мамандарды бірлесіп даярлау, әсіресе шығыстану бағытында.

Ұлы Абайдың 175 жылдығы Татарстанда да кең көлемде атап өтілмек, елдегі тіл мамандары дайындық жүргізіп жатыр.Қазақстандық делегация Татар автономиялы Кеңес социалистік республикасының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға қатысып, президенттің құттықтауын жеткізді. 

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу