«Сыбаға» бағдарламасының шарапатын батысқазақстандық шаруалар көріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сыбаға» бағдарламасының шарапатын батысқазақстандық шаруалар көріп отыр

31.08.2020

Бөрлі - «Сыбаға» бағдарламасының игілігін кеңінен пайдаланып отырған Батыс Қазақстандағы шалғай ауылдың бірі. Мәселен былтырдан бері Бөкей ордасы ауданына шетелден 1156 асыл тұқымды сиыр әкелінсе, соның мың басын аталған ауылдың шаруалары сатып алған. Осылайша еліміздің қиыр батысындағы елді мекен өрісін төрт түлікке толтырып отыр.

«Есет» шаруа қожалығы жуырда Беларусь пен Венгриядан 300 герефорд сиырын алып келді. Әр бас тасымал құнымен қоса есептегенде 650 мың теңгеге шыққан. Қазір малдың аздаған бөлігі карантинде тұрса, қалғаны өрісте.

Агроқұрылым шетелден әкелінген ірі қараға тиісті демеуқаржыны да алып үлгерді. Мұның өзі дер кезінде мал азығын әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр. Төрт түлік өсіргеніне ширек ғасырға жуықтаған шаруашылық 20 ауыл тұрғынын еңбекпен қамтып отыр. 

Қапиет Бершінбаев, бақташы:

- Бағуға жеңілірек, тез жиналады. Жинақы жүреді. Көптен бері мал бағамын. Жағдай жақсы, тамақ уақытында. 

Жыл ішінде асыл тұқымды сиыр санын мың басқа арттырған Бөрлі ауылы, облыс бойынша көш бастап тұр. «Ендігі міндет жем-шөп дайындау», - дейді шаруалар. Алайда бұл істе биылғы қуаңшылық пен іргедегі әскери полигон біраз кедергі келтіруде.

Меңдібай Қитанов, ауыл әкімі:

- Біздің ауылдан 110 шақырым жерде Теректі әскери сынағы бар. Сол жерде ракеталарды атады. Күні кеше өрт болды полигонда. Көп жерлер өртеніп кетті. Жалпы 45-50 мың га жер өртенген. Бұл шаруашылыққа көп зиян.

Жалпы өңірде мал тұқымын асылдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі. Өткен жылдан бері аймаққа тек «Сыбаға» бойынша 4,5 мың бас ірі қара әкелінген. Сондай-ақ жүздеген шаруашылық тұқымдық түрлендіру бағдарламасына қатысуда.

Рауан Диәли

Хабарламаларға жазылу