Елімізге Иордания Королі ресми сапармен келді
Қазақстанға Иордан Хашимит Королдігінің Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келді. Мәртебелі мейманды Астана әуежайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Бүгін екі ел басшысы саяси және экономикалық ынтымақтастықты талқылады. Ал ертең Астанада терроризм мен экстремизмге қарсы халықаралық күш-жігерді біріктіруге бағытталған «Акаба процесінің» жиыны өтеді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Араб түбегінен арқа төсіне мәртебелі мейман келді. Жаймашуақ Амманнан қара суық Астанаға табан тіреген Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құшақ жая, жылы қарсы алды. Иорданияны ширек ғасырдан астам уақыт басқарып келе жатқан Корольдің бұл - елімізге тоғызыншы сапары.
Әуежайдағы жылы жүздесуден кейін қос басшы Ақордаға бет алды. Патша құрметіне аспанға тікұшақтар көтеріліп, екі елдің туы көкте желбіреді.
Президент сарайында құрмет қарауылы сап түзеп, көк кілем төселді. Қадірлі қонаққа сән-салтанатпен құрмет көрсетілді.
Хашимит әулетінен шыққан ІІ Абдалла Мұхаммед пайғамбардың 41-ші тікелей ұрпағы саналады. Мұсылман әлемінде беделі жоғары. 64 жастағы монарх 1999 жылдан бері тақта отыр. Әскери академияда оқыған, арнайы жасақты басқарған генерал. Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселелеріне де белсенді араласады. Сондықтан Астанадағы келіссөздердің саяси салмағы мен мәні жоғары.
Саяси диалогты нақты жобалармен жалғастыру. Қазақстан мен Иордания басшылары келіссөзде осыған мән берді. Былтырғы өзара сапарлар кезінде бірқатар құжатқа қол қойылған. Енді сол уағдаластықтарды іске асырып, сауда мен инвестициялық байланысты кеңейту қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Иордания – араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Кейінгі жылдары ықпалдастығымыз қарқын ала бастады. Біз арамызда орнаған түрлі деңгейдегі берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз.
Экономикалық байланыспен қатар білім мен ғылымдағы әріптестікті дамытуға мүмкіндік мол. Туристер ағынын арттыру да екі елге ортақ мүдде. Ал халықаралық қауіпсіздік мәселелерінде Қазақстан мен Иорданияның ұстанымы жақын. Президент Король бастаған Ақаба процесінің маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің көреген басшылығыңызбен Иордания парасаттылық әрі байыптылық үлгісін көрсетіп, халықаралық аренада Таяу Шығыс және одан тысқары аймақтардағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың дәйекті жақтаушысы ретінде кеңінен танылды. Осы орайда, Қазақстан Өзіңіз он жылдан аса уақыт бұрын бастаған Ақаба процесін жоғары бағалайды. Саммит Орталық Азия өңірінің ұстанымын білдіріп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге тың серпін сыйлайтынына сенімдімін.
Осы форматтағы кездесу Орталық Азияда алғаш рет өтпек. Қазақстан оны Араб елімен бірлесе ұйымдастырып отыр. Бұл жолғы басқосу жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздікке арналады.
ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Иордания Королі:
Өзіңіз еске салғандай, былтыр бір-біріміздің елімізге жасаған сапарларымыз екіжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге ерекше серпін берді. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс секілді негізгі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз.
Ертең Астанада Ақаба процесінің саммиті өтеді. ІІ Абдалла 2015 жылы бастаған бұл бастама терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ықпалдастықты күшейтуге бағытталған. Жабық жиынға мемлекет басшылары, барлау қызметтерінің жетекшілері мен әскери қолбасшылар қатысады. Иордания Королі кездесуді бірлесе ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, ортақ қатерлерге қарсы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы