Вице-Президент Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді
Қазақстан азаматтығынан шығуға ниеттілер саны соңғы 8 жылда 40 есе азайған. Бұл туралы Вице-Президенттің төрағалығымен өткен Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Ерлан Қаринның сөзінше, бұл көрсеткіш елдегі әлеуметтік оптимизмнің жоғары екенін және Қазақстанның қолайлы ел екенін аңғартады. Әсіресе ел азаматтығы шетелдік ІТ және бизнес өкілдері, инвесторлар, ғылым мен мәдениет қайраткерлері үшін де ыңғайлы. Ерлан Қарин мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси реформалар мен халықаралық ынтымақтастық саясатының нәтижесі деп атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша 255 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы Мемлекет басшысына ұсыныс енгізіледі. Сонымен қатар 43 адамның азаматтықтан шығу туралы өтінішін қанағаттандыру ұсынылмақ. Еске саламыз, Қазақстан азаматтары әлемнің 80-ге жуық еліне визасыз бара алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы