Алматы мектептері жаңа оқу жылына дайын

27.08.2020

Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматыда бірнеше мектеп пайдалануға берілді. Су жаңа екі мектеп пен бес қосалқы нысан салынып, төрт мыңдай оқушы орынмен қамтылды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бірқатар білім ордаларын аралап, білім саласы қызметкерлерімен бірнеше мәселені пысықтады.  

Қала әкімі алдымен кезекші топтар оқитын сыныптарға бас сұқты. Талап бойынша әр оқушының арасы кемінде бір метр болуы тиіс. Әр сабақтан кейін бөлме іші желдетіліп, кварц жүргізіледі. Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев бірінші сыныпқа баратындарға тәжірибелі ұстаздар дәріс беретінін атап өтті. 

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

- 1-сыныптың ата-аналары тәжірибесіз түлектер немесе соңғы курстың студенттері сабақ береді деп алаңдаулы. Бұған жол берілмейді. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балалармен тәжірибелі мұғалімдер жұмыс жасайды. Білім басқармасына тиісті тапсырмалар беремін. 

Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев білім саласының қызметкерлерімен онлайн форум өткізді. Жиында қалада дарынды балалар мен талантты жастарға қолдау көрсететін «Алматы дарыны» орталығы құрылатыны айтылды. 

Ләззат Жылқыбаева, Білім басқармасының басшысы 

- Биыл 468 жас маман өз еңбек жолын бастады. Біз оларға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз. Себебі, саналы ұрпақ тәрбиелеу барлығымыздың міндетіміз. Жаңа оқу жылында шебер педагог, тәжірибелі жаңарту жобасы да қолға алынды. Бұл өз кезегінде методикалық сұрақтарға жауап беретін болады.

Қалада 207 мемлекеттік және 62 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылы қашықтан басталады. Бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан 77 мың бала компьютерлік техникамен қамтылмақ. 

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу