Алматыда бүгін екі нысан өртенді. Алдымен, Медеу ауданындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Родина» кинотеатрында басталған «тілсіз жау», 250 шаршы метрді шарпыды. Өрттің шығуына құрылыс кезінде жүргізілген дәнекерлеу жұмыстары әсер етті деген болжамдар бар, дейді өрт сөндіруші мамандар. Оның үстіне бүгінгі күннің күрт ысуы да төтенше жағдайдың орын алуына сеп болған. Өрт сөндірушілер алғашқысын ауыздықтасымен іле-шала Түрксіб ауданындағы «Март» сауда орталығының жанында орналасқан тәтті өнімдер шығаратын цех жанды. Пластикалық есік-терезе шығаратын шеберхана да қосыла жанған. Сағат түскі 12.00 шамасында басталған өрттен 750 шаршы метр жер жанып кетті. 30 адам сыртқа шығарылып, қатты күйік шалған 4 адам қаладағы №4 ауруханаға жеткізілді. Өрттің шығу себептері қазір анықталуда.
Игорь Плотников, Алматы қаласы Өрт сөндіру басқарма бастығының орынбасары:
Өртті ауыздықтауға 14 негізгі, екі арнайы техника жұмылдырылды. Қызыл жалынды 60 маман бір сағаттың ішінде өшірді. Апат салдарын тексеру сараптамасынан кейін айтатын боламыз.