17 тамыздан карантин кезең-кезеңімен жеңілдетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

17 тамыздан карантин кезең-кезеңімен жеңілдетіледі

13.08.2020

Қатаң карантин 17 тамыздан бастап кезең-кезеңімен жеңілдетіледі. Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия елдегі эпидахуалды ескере отырып, карантинді алып тастау жоспарын бекітті. Қызмет көрсету орталықтары алдын ала жазылу тәртібімен жұмысын жандандырмақ. 5 адамға дейін топтасып ашық аспан астында спортпен шұғылдануға рұқсат етілді. Сондай-ақ бассейні жоқ спорт кешендері мен моншалар келушілер санын 50 пайыздан асырмай жұмыс істей алады. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері де бала саны бойынша шектеу талаптарын сақтап қызмет ете алады. Мекемелер қызметкерлерінің 80 процентін қашықтан жұмыс істеу тәртібінде қалдыруы тиіс. Қоғамдық көлік соңғы аялдамада міндетті түрде толық залалсыздандырылып отырады. Ал халық көп жиналатын отбасылық, мерекелік, мәдени-спорттық шараларға бұрынғыдай тыйым салынады. Сондай-ақ ойын-сауық орталықтарының кез-келген түріне рұқсат жоқ. Елімізде қатаң карантинді қайта енгізу арқылы эпидемиялық ахуал тұрақтанғанымен, қол жеткен оң нәтижені сақтап қалу үшін шектеулер демалыс күндері сақталады. Азаматтардың гигиеналық-санитарлық сақтық шаралары қоғамдық нормаға айналуы тиіс. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Қазақстанда карантин шаралары күшіне енгізілген кезеңде эпидемиологиялық ахуал тұрақтандырылып, медициналық ұйымдардың жүктемесі айтарлықтай төмендетілді. Вирусты жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 0,5%-ға дейін төмендеді. Сауығып шыққан адамдар саны 76%-ға жетті. Репродуктивтіліктің орташа көрсеткіші 0,78-ге дейін төмендеді, төсек орындарының жүктемесі 26%-ды құрайды 


Азамат Алдоңғар

Хабарламаларға жазылу