26 шілдеден бастап дәстүрлі музыка мен оның тарихынан сыр шертетін «Күміс көмей» ұлттық музыкалық танымдық бағдарламасы эфирге шығады. Жаңа тележобаны «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы ұсынады.
Ұлттық музыканы дәріптеу мақсатында қолға алынған жобаға С.Жанпейісова, Т.Нұркенов, Е.Шүкіман, М.Мықтыбаев, Е.Қосбармақов, А.Ноғайбаева, Е.Рысқали, Т.Кененқызы, О.Құлсымақ, А.Өтешов, Г.Сарина, П.Тұрарова, Б.Бәбіжан сынды елге танымал өнерпаздар қатысады. Қатысушылар домбыра, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, сырнай, жетіген, т.б. аспаптардың сүйемелдеуімен халық әндері мен күй-термелер орындап, карантиндегі шектеулерге байланысты ұлттық өнерден қол үзіп қалған талғампаз көрерменді әсем әуендермен сусындатады. Сондай-ақ телебағдарламада ұлттық музыканың бастауында тұрған халық композиторлары шығармашылығы мен халық әндерінің, дәстүрлі музыка мектептерінің тарихына саяхат жасалады.
Бағдарлама жүргізушісі - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова. Жоба «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан әр жексенбі 20:00-де эфирге шығады.