Жедел жәрдемнің қозғалысын картадан бақылауға болады
Аяқ астынан сырқаттанған кезде секундтың өзі шешуші рөл атқарады. Сондай сәтте жедел жәрдемнің неше уақытта жететіні – жұртты жиі мазалайтын сұрақ. Шымкентте осы мәселені шешу үшін жаңа цифрлық жүйе енгізіліп отыр. Соған сәйкес жедел жәрдем қызметінің қозғалысын заманауи жүйе арқылы бақылап отыруға мүмкіндік бар. Тақырыпты аймақтағы әріптесім тарқатады.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Енді жедел жәрдем қашан келеді деп уайымдап, әбігерге салынудың қажеті жоқ. Шымкентте іске қосылған пилоттық жоба аясында жедел жәрдем бригадасының қай жерде келе жатқанын және шамамен қанша уақытта жететінін карта арқылы бақылауға болады. Жауаптылардың айтуынша, бұл жүйедегі ашықтықты қамтамасыз етіп, желідегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Әзірге жаңа жүйені ауыр хәлдегі тұрғындар ғана пайдалана алады. Шақырту тіркелген сәттен бастап бригаданың қозғалысы онлайн бақылауға алынады. Сонымен қатар жедел жәрдем көмегіне мұқтаж науқасқа смс хабарлама жолданады. Сілтеме арқылы жедел жәрдем көлігінің геолокациясын көруге болады. Көмек жеткеннен кейін қызмет сапасын бағалау мүмкіндігі де қарастырылған.
Мұхит Кемелов, қалалық цифрландыру басқармасының басшысы:
Кейде мекенжайдан ауытқуы байқалады. Немесе ең жақын жедел жәрдемді тарту да проблема болады. Соның бәрін шешу мақсатында осы жүйе енгізілді. Бұл үш түрлі жүйенің бір-біріне интеграциялануынан пайда болған. Жедел жәрдемді пациент көріп тұру үшін оның мекенжайға тез жетуі үшін.
Шымкенттегі сынақ нәтижелі болса, жаңа жүйені кезең-кезеңімен өзге өңірлерге енгізу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл қоңыраулар ағынын азайтып, диспетчерлік қызметке түсетін жүктемені жеңілдетеді. Соның арқасында шұғыл шақыртуларға дер кезінде жауап беруге мүмкіндік туады.
Райгүл Есеналиева, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бөлім меңгерушісі:
Бригаданың қай жерде келе жатқанын сұрап екі-үш рет звондап қояды. Шықты ма, неше уақытта жетеді деген сұрақтармен өте көп уақыт алады. Одан кейін келесі шақыртатын адам 103-ке түсе алмауы мүмкін. Линияны босату, диспетчердің қолын ұстамау мақсатында осы жоба іске асып отыр.
Осы күнде Жедел жәрдем орталығына тәулігіне екі мыңға жуық шақырту түседі. Соның ішінде 150-ден астамына көлік бағытын бақылауға мүмкіндік беретін сілтеме жолданады. Тұрғындар мұндай мүмкіндіктің қолайлы екенін айтып отыр.
Ерғазы Байділләев, қала тұрғыны:
Кеше ғана менің бауырым талмамен ауырып қалды. Жедел жәрдемге звондадық, қайда келе жатыр деп. Қосымша рахат болды, қарап отырасың, жағдай болып қалса жүйеден қарайсың.
Жобаны алдағы уақытта барлық шақыртуларға қолдану қарастырылып отыр. Сонымен бірге арнайы қосымшада жедел жәрдем қызметіне арналған жеке бөлім пайда болады. Бұл қызметті пайдалануды одан әрі жеңілдетуге бағытталған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы