Нұр-Сұлтан көшелерін су басып қалмас үшін қандай жұмыстар қолға алынған? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан көшелерін су басып қалмас үшін қандай жұмыстар қолға алынған?

01.07.2020
Нұр-Сұлтан көшелерін су басып қалмас үшін қандай жұмыстар қолға алынған?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала көшелеріне су жайылып, сел қаупі туындамас үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын мәлім етті. 

«Кешкілік қала аралау кезінде бірқатар нөсер кәрізі мен тазарту құрылғыларының құрылысын қарадым. «Жастар» шағын ауданындағы жаңа құрылыстың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Бұл нөсерлік су канализациясының өткізу қабілетін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Тазарту құрылғылары Ташенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев және Республика даңғылдарын жаңбыр суы басудан қауіпсіздендіреді. Жұмыстарды аяқтау мерзімі - 2021 жыл. Тәшенов көшесіндегі ұзындығы 530 метрді құрайтын нөсерлі коллектор желілерін тазарттық. 34 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Осы уақытта дейін жиналып қалған қоқыс коллектор жұмысын қиындатты», - деп жазды шаһар басшысы Instagram-да.

Оның айтуынша, биыл күзде Б.Момышұлы даңғылындағы (Дауылпаз көшесінен Елім-ай көшесіне дейін) проблемалық учаскеде нөсерлі кәріз магистралды коллекторының құрылысы аяқталады.

«Осы жылдың соңына дейін Тельман елді-мекеніндегі тазарту құрылғылары мен магистралды коллектор құрылысы аяқталады. Қуаты тәулігіне 36 мың текше метрден асады. Жобаны іске асыру Тельман елді-мекені мен № 27 көше бойындағы құрылыс аймағынан жер үсті ағындарын бұруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жұмыс істеп тұрған коллекторларды тазарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 354 км-дің 134 км-і тазарту жұмыстарын қажет етеді» дейді қала әкімі. 

Айта кетейік, өткен жылы Мыңжылдық аллеясы аумағында екі учаскедегі нөсерлік су кәрізінің мәселесі шешілген болатын.

Хабарламаларға жазылу