Елордадағы «Қазмедиа орталығы» ғимаратында бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шарада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистер мен БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Соңғы айлардағы қиын жағдай кезінде өз денсаулығы мен өміріне қауіпті екеніне қарамастан, адамдарға шынайы ақпарат таратып, адамдардың ертеңгі күнге деген сенімін арттыру мақсатында кәсіби міндетін адал атқарып жүрген медиа қызметкерлері жұмысына қоғам куә», - деді Аида Балаева.
Жиында жоғары кәсіби шеберлігі үшін еліміздің барлық аймақтарынан ондаған медиа қызметкерлер ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет Грамотасымен және отандық журналистиканы дамытуға айрықша үлес қосқан медиа майталмандары «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін иеленгендер қатарында «Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Сәуле Жиреншина, Бас продюсер Жаңыл Асылбекова, «Қазақстан» РТРК» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының редакторы Гүлсанат Артықбаева, продюсер-редактор Гауһар Төлекбай, Анонс бөлімінің жетекшісі Мақпал Үкенова, Қазақ радиосының аға редакторы Жанат Жанұзақов, тілшілер қосынының телеоператоры Өнербек Жаңабаев бар.